Биылғы Рамазан айында берілетін пітір садақа мөлшері анықталды.
Төралқа мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешіміне сәйкес, биылғы пітір садақа мөлшері 300 теңге болып бекітілді. Айта кетейік, былтыр да пітір садақа осы мөлшерде болған екен.
Биыл Ораза - Рамазан айы 17 мамырда басталып, 14 маусымда аяқталады.
Маусымның 10-нан 11-не қараған түн - қасиетті Қадір түні.
Ораза айт 15 маусымда, ал Құрбан айт 21 тамызда басталады.
Пітір садақа не үшін беріледі?
Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) пітір садақаның мәнін былай деп түсіндірген:
«Алла елшісі Пітір садақаны ораза кезінде ауыздан шыққан ұнамсыз сөздер мен (абайсызда жасап қойған) жағымсыз әрекеттерді тазартушы әрі кедейлерге ішер ас болсын деп міндеттеді...»
Құран Кәрімдегі пітір садақасы туралы айтылған сүрелерден мынандай қорытынды жасауға болады.
Біріншіден – пітір садақа ораза ұстау барысында жіберіп алған қателіктерімізді жуып-шаюшы және кем-кетігін толықтырушы рөлін атқарады.
Екіншіден – тұрмысы нашар, зорға күнелтіп жүргендерге жәрдем беріп, оларға қол ұшын созу. Бұл бір жағынан қалталы жандарды жомарттыққа баулиды және қоғамда бауырмалдылық пен жәрдем берушілікті қалыптастырады.
Үшіншіден – пітір садақа беру арқылы көптеген сауапқа кенелері сөзсіз. Өйткені, Рамазан айында садақаның сауабы еселеніп беріледі. Дүниемізге береке кіреді. Алла тағала Құран Кәрімде: «Сендер жақсы көрген нәрселеріңнен садақа бермесеңдер, жақсылыққа қол жеткізбейсіңдер», – дейді.
Пітір садақаны кімдер үшін беру керек?
Пітір садақаны отағасы өзі үшін және балиғатқа толмаған жас балалары үшін жеке-жеке есептеп береді.
Ал, әйелі, үлкейген ұл-қыздары, ата-анасы, ата-әжесі, туған-туыстары, бауырлары, жатырдағы әлі дүниеге келмеген балаcы үшін пітір беру міндеттелмейді[]. Әзіреті Осман мінген аты үшін де пітір садақа бергендігі деректерде айтылған. Әрине, ардақты сахабаның ол әрекетін міндеттелгендіктен емес, сауап үшін жасалған мұстахаб амал деп түсінген жөн.
Алайда сауап іздеген жанға өзінің қарауындағы үлкейген балалары мен әйелі үшін беруіне болады.
Бұнымен қатар ақыл есі дұрыс емес кедей ата-анасы мен ақыл есі дұрыс емес үлкен балаларының орнына пітір беруге де міндеттеледі.
Әйел кісі өзінің кішкентай балалары үшін беруге міндеттелмейді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жемқорлыққа қарсы «Арнайы мониторинг тобы» МаңғыстаудаМойнындағы пітір садақасын бермей тұрып қайтыс болғандардан міндет түседі. Дегенмен, мұрагерлері сауабы тие берсін деп, оның атынан да пітір садақа беруіне рұқсат, бірақ міндеттелмейді.
Пітір садақаны айт күні таң атысымен беру уәжіп болғандықтан, аталмыш уақыттан бұрын дүниеден өтіп кеткен адамдар үшін уәжіп емес. Бірақ осы уақыттан кейін қайтса, артында қалған туыстары қайтқан адамның малынан өтейді.
Пітір садақаның берілу уақыты
Пітір садақаны беру Ораза айт күні таң атысымен уәжіп болады. Пітір садақаны айт намазы басталмай тұрып беру – мұстахаб. Өйткені, Пайғамбарымыз пітір садақаны айт намазына шықпай тұрып беретін болған.Бірақ, бірнеше күн бұрын беруге де болады. Тіпті бірнеше жылдық пітір садақаны жинап алдын-ала берсе де болады дейтін ғалымдарымыз бар. Түрлі себептермен аталмыш мерзімнен (айт намазы) қанша кешіктірілсе де, пітір садақа міндетті түрде берілуі тиіс.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Осындай күнде (айт мейрамы күні) кедей-лерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», – деген. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлердің де жұрт қатарлы жадырауын көздейді дініміз.
Мәліметтер islam.kz сайтынан алынды