Маусым айының үшінші жексенбісі - медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Бұл күн алғыс пен құрметке бөленген, адам жанына ерекше дәру беретін, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың еңбектері бағаланатын мереке. Осыған орай, №2 қалалық ауруханасының акт залында еңбегімен еленген озат, белсенді қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Шараға қала әкімі Елубай Әбілов, «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Байжанов, қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
- Халықтың денсаулығы - елдің байлығы. Кешегі тарихтан тамыр алған дәрігерлердің емдеу-сауықтыру қызметі бүгінгі таңда да жаңашылдықпен дамып, жан-жақты қызмет көрсетуде. Адам жанына араша болып жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбектері зор екені барша жұртшылыққа мәлім. Денсаулық сақтау саласындағы адал еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін», -деді, шарада сөз алған қала әкімі. Құттықтау сөзден кейін салтанатты шара марапаттау рәсіміне жалғасты. Бірқатар азаматтар қала әкімінің «Алғыс хатымен», қызметтегі жеке жетістіктері мен қоғамдық белсенді қызмет үшін және Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының марапаттарымен мадақталды. Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласы бойынша денсаулық сақтау ісінің үйлестірушісі Нина Самаликова ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай медицина қызметкерлері арасында өткен қалалық спартакиада жеңімпаз топтарына кубоктар табыс етті. Командалық есеп бойынша марапатқа І орын «Медикер Плюс» емханасы, ІІ орын №2-ші қалалық емхана, ІІІ орын қалалық перзентхана ие болды. Әріптестерін көп жылдық еңбек өтілі бар балалар тіс дәрігері Светлана Багдашарова, жас эпидемиолог Шаттық Бисенбаева құттықтады. Шара ән-күйге ұласты. Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды “ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы” деп жатамыз. Қалай атасақ та артықтық етпейді. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, халықтың алғыс-сауабын арқалаған бұл жандардың еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайды. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үмітімізді жалғап сыздаған балтырымызды тоқтатады. Мансаптың да, қызметтiң де, атақтың да, байлықтың да дәрiгер үшiн құны көктиын. Дәрiгерге ең қажетi - адамның денсаулығы, оның тағдыры. Науқас адам жанына дәру iздеп, дәрiгерге барары хақ. Үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы абзал жандар. Сол үшін де дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы.
Мәдина Бегарыс