«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының еншілес компаниялары «Жөндеу» және «КРУЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Директорлар кеңесінің шешімімен «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне біріктірілді. Ондағы мақсат – еншілес компанияларды басқару тиімділігін арттыру.
«Бұл кәсіпорындардың екеуі де ұңғымаларды күрделі және ағымдағы жөндеу бағытындағы ұқсас қызметтерді атқарады. Біріктіру туралы шешім қабылдап отырған себебіміз де осы. Демек, еншілес кәсіпорындарды біріктіру, бірлескен мұнайсервистік компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа мүмкіндік береді. Және, еліміздің басқа өңірлеріне шығуға да жол ашылары анық – дейді ҚМГ БӨ бас директоры Құрманғазы Есқазиев. Ең бастысы деді басшы: «компаниялардың біріктірілуіне қарамастан қазіргі уақытта онда жұмыс істеп жатқан қызметкерлерді қысқартуға негіз жоқ. Аталған екі серіктестіктің де кәсіподақ ұйымдары бұл шешімді қолдайды. Өйткені, кәсіпорындардың біріктірілуі жұмыс көлемін арттыруға және компанияның нарықтағы ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді». Қазіргі күні кәсіпорындарды біріктіру бойынша барлық қажетті рәсімдер жүргізілуде. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың 1 қазанына қарай аяқталуы тиіс деп болжап отырмыз. Өндіріс тиімділігін арттырудағы қолға алынып отырған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Мәселен, кейіннен «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-ны акционерлік қоғам ретінде қайта құру жоспарлануда. Осылайша кәсіпорынға қажетті дербестік беріледі, менеджмент тарапына едуір жауапкершілік артылады. Сонымен қатар, бұл жоба кәсіпорынның корпоративтік басқару талаптарына сәйкестігін және жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. «Жөндеу» ЖШС 1998 жылы ал, «КРУЗ» ЖШС 1997 жылы құрылған. Екі кәсіпорын да ҚМГ БӨ АҚ-тың 100%-дық еншілес ұйымы болып табылады. Аталған кәсіпорындар Маңғыстау облысындағы Өзен кен орнындағы ұңғымаларға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Еншілес компанияларды біріктіру жұмысын ҚМГ БӨ 2015 жылы да жүргізген болатын. Ол уақытта «Кен Құрылыс Сервис» ЖШС-не «Кендірлі Құрылыс» ЖШС және «Жол-Сервис» ЖШС қосылған еді. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі жағынан Қазақстанда көшбасшылардың үштігіне кірді. Аталмыш уақыт аралығында компанияның өндіру көлемі «Қазгермұнай» БК ЖШС мен CCEL («Қаражанбасмұнай» АҚ) және «ПетроҚазақстан Инк.» компанияларындағы үлестерін есептегенде, 12,4 млн тоннаны (тәулігіне 251 мың баррель) құрады. ҚМГ БӨ үлесіндегі мұнайдың дәлелденген және болжамды қорларының көлемі, бірлескен кәсіпорындардағы үлесті есептегенде, 2015 жылдың соңындағы жағдай бойынша 193 млн тоннаны (1 409 млн баррель) болды. Компанияның акциялары Қазақстан Қор Биржасында, ал ғаламдық депозитарлық қолхаттары – Лондонның Қор Биржасында листингтен өтті. 2006 жылдың қыркүйегіндегі ІРО кезінде компания 2 млрд астам АҚШ долларын таратты.
Ағиба ҚАТЕШОВА