©
Еске салайық, 2016 жылдың қараша айында Каспий теңізінің жағалауынан 100 метрдей қашықтықтағы «Қызыл құм» мүйісі ауданының (Құрық а. 35 км) батыс бағытында «АРАКС» кеме-танкері қайраңға келіп тоқтағаны туралы жазғанбыз.
Құрамында мұнай бар заттармен ластанған 930 тонна қалдық тиелген кеме РФ Махачкала қаласының «Транскаспий» ААҚ тиесілі болған.
Сондықтан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ресей Федерациясының уәкілетті мемлекеттік органдары хабардар етілді.
Осыған орай 2017 жылдың 10 тамызында төтенше жағдайларды жою және алдын алу, Каспий теңізінде мұнай қалдықтарының төгілуін болдырмау мақсатында бюджет қаржысынан 39,2 млн. теңге бөлу қарастырылған еді.
Сөйтіп, кемені тазарту жөнінде жарияланған тендерде жеңімпаз атанған «БатысМұнайТранс» ЖШС 2017 жылдың 11 қазанынан бастап тазалау жұмыстарына кірісті. Бұл жөнінде сайтымызда да жазғанбыз.
Дегенмен белгілі бір себептермен көп ұзамай «Араксты» зиянды қалдықтардан аластау тоқтатылды. Құзырлы орындар оның себебін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып, жұмыстың көктемде жалғасатынын жеткізген болатын.
Көктем келді. Кеменің қазіргі хал-жағдайын білмекке Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хабарластық.
Басқарманың мәліметінше, 2017 жылдың желтоқсан айында облыс әкімінің орынбасары Р.Сәкеевтің төрағалығымен «Аракс» кемесін тазалау» қызметінің орындалу барысын талқылауға арналған отырыс өтіп, хаттамасы жасақталған. Аталған хаттамаға сәйкес 2017 жылы 3 қазанда «Батыс Мұнай Транс» ЖШС-мен жасақталған №32 келісімшарттың 15 желтоқсаннан бастап күші жойылып, игерілмеген қаражат бюджетке қайтарылыпты. Аталмыш компания кемеден 480 тонна қалдықты тазартып үлгерген.
«Қазіргі таңда, ұзақ уақыт бойы ауа-райының қолайсыздығына және жұмыс барысында кемелердің соқтығысу қаупі болуына байланысты, тазалау жұмыстары тоқтатылды. Танкерден 480 м3 су сорып алынып, палубадағы майлы қалдықтары бар бөшкелерден тазаланады. Атқарылуы тиіс жұмыс көлемінің 50 пайызы орындалып, 2017 жылдың соңына дейін 19 594 400 теңге қаражат игерілді», - дегенді айтты басқарма басшысы Дүйсен Темірұлы.
Әзірге қалдықтың жартысы кеме ішінде. Оны толықтай жою үшін мердігерлер арасында конкурс жарияланбақ.
«Қалған тазарту жұмыстарына осы жылы бюджеттен қаражат бөлініп, ҚР мемлекеттік сатып алу веб-порталында ашық конкурс жариялану арқылы жұмыстар толығымен аяқталатын болады», - деді басқарма басшысы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА