©
Бейбіт ел тыныштығы бұзылып, жазықсыз жандардың өмірін қиылған Ақтөбедегі лаңкестікті ұйымдастыру тобында 45 адам болған. Кейін 19 жан «Жиһад» жасаудан бас тартқан. Елімізде жасалатын қылмыстардың 60 пайызы ұрлық. Әсіресе, ұялы телефондардың ұрлығына тосқауыл болмай отыр. Сондай-ақ, жыл басынан бері 12 мыңға жуық мас жүргізушы ұсталған. Бұл туралы облыстық әкімдіктің үлкен залында тікелей байланыста өткен бейнеконференция барысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұқанбет Қасымов мәлімдеді. Облыстық әкімдік өкілдері, ішкі істер құрылымдарының қызметкерлері мен департамент басшылары қатысқан жиын барысында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков осы жылдың 5 айы бойынша жұмыс көрсеткіштерімен таныстырды.
Министрдің айтуынша, Ақтөбедегі лаңкестікті ұйымдастыру тобында болып, кейін басбұзарлықтан бас тартқан 19 адам анықталып, қазір олардан жауап алынуда. Ал, оқиғаға қатысқан 25 лаңкестің барлығы ұсталып, көбісінің көздері жойылған. Асыл дініміздің атынан қантөгіс жасап, бейбіт өмірді тәрк еткендердің о бастағы мақсаты – қаруға қол жеткізіп, өңірде бірқатар теракт жасау болған. Оқиға салдарынан Ұлттық ұланның 3 әскери қызметшісі және 5 бейбіт тұрғын қаза тапты. Қалмұқанбет Қасымов Қазақстанда ұялы телефондар ұрлығына тосқауыл қою мүмкін болмай отырғанын айтты. Елімізде жасалатын қылмыстың басым көпшілігі ұрлық болса, оның 25-27 пайызы ұялы байланыс құралдарының қолды болуына қатысты заң бұзушылық болып отыр. Өзге елдерге телефондарды ұрлайтын болса, бұғаттап тастайды. Сондықтан өзгенің дүниесін алудың өзі қисынсыз. Бізде олай жасау мүмкін емес, өйткені, еліміз аумағына әкелінген телефондардың көбісі контрафактілік жолмен енген. Полицейлер жоғалған байланыс құралын оның IMEI коды арқылы бұғаттаса, онда бірден 50-100 контрафактілік жолмен келген телефон сөніп қалады. Сондықтан ұялы телефондар нарығын ретке келтіретін кез келді.
Еліміздің бас полицейінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері көлікке мас күйінде отырып, жол ережесін бұзған 11 700 жүргізуші ұсталған. Олардың 1600-і қамауға алынып, 16 мыңнан астам азамат жүргізуші куәлігінен айырылған. Жылдамдықты асыру, қызыл түске өтіп кету, қарсы бағытқа шығу сияқты заңбұзушылықтар жиі орын алып отыр. «Бұл – біздің елде жүргізушілердің көліктік тәртібі өте төмен деңгейде екендігін көрсетеді» деді ол.
Министр жиын барысында еліміздің түкпір-түкпірінен тікелей байланысқа шыққан ел тұрғындарының ішкі істер құрылымдарының қызметі мен қылмыстық ахуал турасындағы сұрақтарына жауап берді. Азаматтардың көбісін елді дүр сілкіндірткен Ақтөбедегі лаңкестікке қатысты сұрақтар мазалайды екен. Қалмұқанбет Қасымов оқиға салдарынан көз жұмған ақтөбеліктердің отбасыларына тиісті көмек көрсетілетінін айтты. Маңғыстаулықтардың ішкі істер министріне қойған сұрағы тұрғындардың қолындағы травматикалық қару-жарақтар туралы болды. Соңғы жылдары травтматикалық қарумен жасалған қылмыстардың саны артқан болатын. Министрліктің тапсырмасымен, ел азаматтарынан 47 мың травматикалық қару жиналған. Бұл шараға 2 млрд 300 млн. теңге бөлінген.
Бейнеконференция соңында мінбеге облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков көтеріліп, жиналғандарды 5 айдың қорытындысымен таныстырды. Ағымдағы жылы облыс аумағында тіркелген қылмыстардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,9 пайызға төмендеген. Жалпы қылмыс деңгейінің облыс бойынша 10 мың тұрғынға шаққандағы үлесі 122-ні құрайды. Бұл көрсеткіш республика бойынша 228.
- Өңірімізде аса ауыр қылмыстар 34,6 пайызға, ауыр қылмыстар 8,6 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар 0,7 пайызға төмендеді. Жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыстар да 46,7 пайызға азайған. Сондай-ақ, қылмыстардың ашылуы жақсарды. Осы жылдың 5 айында 121 есірткі құқық бұзушылығы тіркелген. Есірткі сату бойынша 38 дерек анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық,-деді Қ.Дәлбеков.
Полицейлер заңсыз айналымнан 111 келі есірткі заттарын тәркілеген. 2015 жылы 4 келі есірткі қолға түскен болатын. Әкімшілік полицияның қызметіне келсек, 75 мың құқық бұзушылық орын алып, заңды белшесінен басқандарға 509 млн. 229 мың теңге айыппұл салынған. Соның нәтижесінде мемлекет пайдасына 283 млн. 450 мың теңге өндірілген. Өндіру көрсеткіші 54,4 пайызды құрап, республика бойынша екінші орынға шыққан.
Облыс жолдарында 116 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 17 адам қаза болып, 142 жан түрлі дене жарақаттарын алған.
Ішкі істер органдарының материалдық-техникалық негізін нығайтуға биыл 2 млрд. 485 млн. теңге бөлінген. Мұнайлы ауданы аумағында 8 учаскелік полиция пунктері ашылып, «Динамо» спорт кешені қолданысқа берілді.
Қайрат Сұлтанұлының мәлімдеуінше, облыстық күштік құрылымдардың қоғамдық қауіпсіздік пен аймақтың тыныштығын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.
Анар ШAМШАДИНОВА