"ҚазМұнайГаз" БӨ" АҚ-на қарасты компаниялар арасында әр жылы маусымның 2-ші аптасында өткізілетін "Үздік инновациялық жоба -2016" өндірістік рационализаторлық жобалар байқауы биыл маусым айының сегізі мен оны аралығын қамтыды. Қызылорда қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған сайыс "ҚазГерМұнай" ЖШС БК өндірістік базасында өткізілді. Республика деңгейіндегі басқосуға Астана, Ақтау, Атырау, Жаңаөзен қалаларының және жарыс қожайындарының ерекше идеясы бар мамандары атсалысты.
Сонымен, Қызылорда жинаған биылғы байқау еліміздің әр түкпірінен келгендерді ыстық ауа-райымен қоса, ыстық құшақтарын жайып қарсы алды. Сапардың алғашқы күні, қатысушылар үшін өлкенің кереметтерімен танысу күні болып табылды. Олар тарихи-мәдени ошақтарға аяқ басып, тұңғыш астана - Ақмешіт қаласында, Қармақшы ауданында орналасқан "Қорқыт ата" мемориалдық кешенін тамашалады. Бір күндік саяхаттан соң ертесіне байқау күні де келіп жетті. 7 секция бойынша сынға түскен мамандар өз жобаларының тиімділігін, өндіріс жұмысын дамытуға ықпалы зор екендігін түсіндіруге бар күш-жігерлерін салды. Нәтижесінде, өзгеше идея ұсынған "Бұрғылау, ПРС және КРС ағымдық жөндеу кезіндегі технологиялар" секциясында жоба басқару департаменті аға инженері Ақжігіт Түйешиевтің «Жер асты жабдықтарының қажалуына қарсы құрылғы» жобасы, сондай-ақ "ҚҚС және мұнай өндірудегі автоматтандыру, химияландыру және энергетика" секциясында «АжТБ», КИПиА жөндеушісі Жарылғап Өтешовтың «ВГУ-200 су қыздыру қондырғысынан арнайы техникаларға су құюды қашықтан басқару және автоматтандыру» жобасы үздік деп танылды.
Тың ойлар сараланған, әрі саяхат құрған басқосудың соңғы күні де экскурсияға ұласты. «ҚазГерМұнай» жастары қонақтарды "Ақшабұлақ", "Нұралы" кенорындарына арнайы апарып, ондағы жұмыс жасау тәртібі, технологиясымен таныстырды. Барша қатысушылар ұйымдастырушыларға, жергілікті қызметкерлерге разылықтарын білдіріп, тәжірибемен қоса, рухани азық алған сапар үшін рахметтерін айтып жатты.
Бауыржан БӘЙІМБЕТОВ