Ертең Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIIІ Қысқы Олимпия ойындары салтанатты түрде ашылады. Бұл Оңтүстік Кореяда өтетін алғашқы, Азия құрлығында Саппоро (1972) мен Наганодан (1998) кейінгі үшінші Ақ Олимпия ойындары болмақ.
Қысқы Олимпиадаға қатысатын құрамалар арасында спортшылар саны бойынша АҚШ алда тұр. Бұл елден спорттың барлық түрі бойынша 242 спортшы қатысады. Канада – екінші орында. Үйеңкі жапырақты елден Пхенчхандағы додаға 226 спортшы қатысады. Ал Олимпия ойындарына алғаш рет қатысайын деп жатқан алты мемлекет бар. Олар: Эквадор, Эритрея, Косово, Малайзия, Нигерия және Сингапур.
Олимпиада бәсекелері екі кластерде, яғни Пхенчхан тау кластері мен Каннын жағалау кластерінде орналасқан 12 спорт кешенінде өтеді. Биылғы ақ қар, көк мұз үстіндегі аламанда әлемнің 92 елінен 2925 қысқы спорттың небір хас шеберлері бақ сынайды. Мамандардың айтуынша, биыл Олимпия ойындарына қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке жеткен.
Әр төрт жыл сайын өтетін байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасы сапынан 46 спортшы қатысатынын, олар спорттың тоғыз түрінен жалпы саны 57 жолдама алғанын cайтымызда жазғанбыз.
Еліміздің шорт-трек құрама командасы Олимпиада ауылына төрт күн бұрын орналасып, елдің климат жағдайына бейімделіп қалған. Шорт-трекшілер Олимпиадаға дейін Жапонияда дайындалып, Пхенчханға сол елден барған. Олар төртінші ақпаннан бері Каннынның негізгі және қосымша мұз айдындарында Нидерланд спортшыларымен бірге жаттығып жатыр.
Олимпия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк туын ұстап шығатын Абзал Әжғалиев Олимпиада алдында аздап қобалжу бар екенін айтады. Себебі туды ұстап шығумен қатар, елге көк туды биікке көтеріп, медальмен оралу міндеті жүктелгенін де сезінеді.
Шетелдік «Gracenote» статистикалық агенттігі Пхен-чханда басталатын ХХІІІ Қысқы Олимпия ойындарында Оңтүстік Корея жерінде Германия құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алады деп болжауда. Агенттік сарапшылары неміс спортшылары 15 алтын, 10 күміс, 14 қола медаль еншілейді деп топшылап отыр.
Екінші орынға Норвегия спортшыларын қойған. Скандинавия түбегінің өкілдері 13 алтын, 14 күміс, 13 қола медаль жеңіп алуға қауқарлы екен. Үздік үштікті АҚШ құрамасы (11 алтын, 6 күміс, 12 қола) түйіндейді деп болжануда.
Қорыта айтар болсақ, алдағы аламаннан еліміздің спортшылары нақты қанша медаль алатынын біз де, сіз де тап басып болжай қоймаспыз, бірақ спортшыларымыздың дайындығы өте жоғары деңгейде екеніне көзіміз жетіп отыр. Қазақта баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақым қысады дейді ғой. Байрақты бәсекеде сынға түсетін сайыпқыран саңлақтарымызға сәттілік тілеп, елге медальмен абыройлы оралуын тілейміз.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан" газеті