Ақтау қаласындағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы балабақшасының басшысы осылай дейді. Бүгін балабақшада «Заманауи инновациялық әдістерді қолдану жолдары» тақырыбында облыстық семинар өтті. Оған облыстық білім басқармасы өкілдері, балабақша басшылары, мектепке тәрбие мен оқыту орталығының қызметкерлері, тәрбиешілер мен әдіскерлер қатысты.
Семинар мақсаты – оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын жаңарту, сапасын көтеріп, жаңашылдық енгізу дейді ұйымдастырушылар.
Шарада бүлдіршіндерге үш түрлі оқу қызметтері көрсетілді. Математика, бейнелеу өнері және дене шынықтыру сабақтары олардың танымын, білім аясын кеңейтуге бағытталды. Қызметкерлер заманауи жаңа әдіс-тәсілдер қолдана отырып, балалармен қызықты да пайдалы дәріс өткізе білді.
Арнайы балабақша болған соң балалардың әрқайсысына ерекше көңіл бөлінеді дейді ұжым өкілдері.
«Мұнда тәрбиешілермен қоса, балалар дәрігері, көз дәрігерлері қызмет етеді. Көз дәрігері көру қабілетін тексергеннен кейін балалар диагнозы бойынша арнайы аппараттарда ем қабылдайды. Дәрумендер беріледі. Соның арқасында балалардың көру қабілетін арттырып, денсаулықтарын жақсартып отрымыз», - дейді Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы балабақшасының басшысы Шамшагүл Раисова.
Қазір балабақшадағы 9 топта 127 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың 5 тобы қазақ, 4 тобы орыс бөлімінде тәлім алады.
«Жыл сайын 33-35 баланы шығарып саламыз. Соның 25-тейі жалпы білім беретін мектептерге, гимназия, лицейлерге қабылданады. Себебі баланың көру қабілеті 80-90 пайызға дейін жақсарады. Мүмкіндігі шектеулі, ерекше білімді қажет ететін балалар ғой, соған қарамастан біз мүмкіндіктерін шектемеуге бар күшімізді саламыз. Ал диагнозы күрделі, емін әрі қарай жалғастыруы қажет балалар Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа барады», - дейді Шамшагүл Базарқызы.
Балабақша қабырғасында мерекелік шаралармен қатар танымдық, баланың ақыл-ойын шыңдауға арналған шаралар да жиі ұйымдастырылады. Бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына бар мүмкіндік қарастырылған. Мұның барлығы әр қызметкердің өз жұмысына ат үсті қарамайтыны, жауапкершілігінің нәтижесі дейді мекеме басшысы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48121,48122,48120,48119"]