Мамыр айында облыс орталығында бастау алып, аудандарда да өткізілген жер мәселесін талқылауға арналған қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы Шетпе селосында жалғасын тапты. Аудандық мәдениет үйінде өткен алқалы жиынға облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х.Нұрғалиева, Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия мүшесі Д.Сейбағытов, облыстық басқарма басшылары, облыстық, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, жергілікті жұртшылық және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия мүшесі Д.Сейбағытов жиынға қатысушыларды аталмыш комиссия отырысында айтылған ой-пікірлерден, ұсыныстардан хабардар етті. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Дүзмағанбетов Жер Кодексіне енгізілген толықтыруларды түсіндіріп, өңіріміздегі жер қоры жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, Маңғыстау ауданының жер көлемі 4 млн.701 мың 832 гектарды құрайды. Ауылшаруашылығы жерлері 1млн. 90 мың 494 гектар, босалқы жер 3 млн.247 мың 438 гектар, яғни ауданның 70 пайызы бос жатыр.
Кеңес отырысына қатысушыларға ойларымен ортақтасуға, пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізуге кезек берілді. Шетпе селосының тұрғыны Ө.Сағындықов жерді әрбір отбасы сатып алса қанша гектардан келетінін сұрады. Бұл сұраққа жауап берген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Дүзмағанбетов еліміздегі 272 млн.500 мың гектар жерді 17 млн.халыққа бөлгенде әрбір адамға 10-15 гектардан келетінін айтты. Аудан орталығының тұрғыны Ш.Байпақовтың «Жер Кодексінде жерді шетелдіктерге сатпау нақты көрсетілген бе?» деген сұрағына Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия мүшесі Д.Сейбағытов заңда жер 25 жылға жалға беріледі деп жазылғанын, сату көрсетілмегенін жеткізді.
–Облысымызда экологиялық жағдайды жақсарту және халықтың денсаулығы үшін жер асты байлығын өндіретін өндіріс орындарына тал егуді ұйымдастыру керек. Өңірімізде егін шаруашылығын дамытуымыз қажет. Жармыш, Шетпе, Шайыр ауылдарына жылыжай салуға су жетеді. Бізге жалданып жүрген арзанқол жұмысшылар жерді күтіп, баптауға салғырт қарайды. Ауылшаруашылығы жұмысына екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарды тарту керек. Қазақтың жері сатылмағаны да, жалға берілмегені де дұрыс. Ата-бабаларымы бір жердегі шөпті 2 жылда бір рет қана шабатын. Осы тәжірибені қолдануымыз қажет. Жерді күтімге алып, баптау,егін егуді ұйымдастыруға қабілет керек,–деді Шебір ауылының тұрғыны Ә.Бекеев.
Қызан ауылының тұрғыны Т.Нұрбергенов жерді қалаған адам сатып алып, қоршап алатын болса, малымызды қайда жаямыз деп алаңдаушылық білдірді. – Жер туралы заңға шетел мемлекеттеріне әскери сынақ алаңына жер берілмейтіні туралы өзгеріс енгізуіміз керек. Маңғыстаудың даласында миллиондаған жер игерлімей, бос жатыр дейміз. Бос жатқан жоқ, «Қызыл кітапқа» енген қаншама өсімдік өсіп тұр? Киік оты шөбі құнды, әлемдегі көп елдерде кездесе бермейді. Мемлекетімізде жүрген шетел азаматтарын есепке алып, заңсыз жүргендерін елімізден шығару керек. Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарымыздың нақты есебі шығарылуы керек. Сай-Өтеске арабтар келіп, құс аулайды. Осыны кім қадағалайды? Жер өспейді, көбеймейді. Елдік мәселе бәрінен де жоғары тұру керек,–деді журналист Жәнібек Қожық.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Дүзмағанбетовтың мәлімдеуінше, жергілікті билік пен Біріккен Араб Әмірлігі арасында келісім шарт бар, оларға жекеменшікке жер берілмеген. Аталмыш мемлекеттен әкелінген дуадақ, лашын құстары Түпқараған, Қарақия ауданының табиғат аясына жіберілген.
–Кез келген тәуелсіз мемлекеттің екі үлкен байлығы болады. Ол- сол мемлекеттің діңгегі болып саналатын халқы және сол халқы мекендейтін жері болады. Онсыз мемлекет болмайды. Мәселен, дүние жүзінде 39 млн.халқы бар күрт ұлтының Отаны жоқ. Жердің киесі, қасиеті болады. Облысымызда қой шаруашылығын дамытуды жүйелі жолға қоюымыз керек. Қойды бағу сүтін ішіп, майын асап, сорпасына қану емес. Бір қой оттағанда бір шаршы метр жерді тұяғымен таптайды, құмалағымен баптайды. Сөйтіп, жерді тыңайтады. Жерді сатуға болмайды, өңдей алмаса туысыңа беру керек, қолдан келмесе болашақ ұрпаққа қалдыру керек. Шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздарымызды азаматтықтан шығару керек,–деді Шетпе селосының тұрғыны Ш.Байпақов.
Жер халықтікі екенін, жерді сатуға да, жалға да берілмеу қажеттігін айтқан Шетпе селосының тұрғыны С.Жұбаев Жер Кодексіне өзгеріс енгізуді, ата-бабамыздың мал бағу тәжірибесін қолдануды ұсыныс етті. Шетпе селосының тұрғыны Б.Ниязов Жер Кодексіндегі бірқатар баптарға өзгеріс енгізу туралы пікір білдірді. Жерді жалға беріп, қайтара алмай отырған елдерді мысалған келтірген ауыл тұрғыны С.Әнес еліміздің басына осындай күн тумас үшін жерді жалға беру мерзімін қысқарту керектігін жеткізді. Шетпе селосының тұрғыны Ш.Төлемісова жер жекеменшікке берілсе елден бірлік кетіп, дау-дамай шығатынын айтып, сатуға қарсылық білдірді. Тағы бір тұрғын К.Шынжырбеков жер жергілікті тұрғындарға ғана жалға беру жөнінде пікірін ортаға салды. Шетпе селосының тұрғыны Ө.Сағындықов облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде жермен айналысатын арнайы комиссия құруды ұсынды. Жерді сатып алуға қарапайым халықтың мүмкіндігі болмайтындықтан жер сатылмау қажеттігін айтты. Жалға алғанда да мақсатты пайдаланылуы, шектік мөлшері, мерзімі қатаң қадағалануы керектігін қаперге салды. Шетпе селосының тұрғыны Ш.Әбішова жерді сату, жалға бермес бұрын жат жұрттағы қандастарымызды елге көшіру мәселесін шешуді сұрады. Жалға алған жерлер шаруашылықпен айналысуға кәдеге жарап тұрғанын жеткізген Б.Іздібай ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесін көтерді.
Жиынды қорытындылаған облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов кеңес отырысында айтылған мәселелер өңірлік штабта қаралатынын, хаттама Жер жөніндегі республикалық комиссияның қарауына жіберілетінін жеткізді. Ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу үшін облыс орталығынан тиімді бағамен орын белгілеу туралы Ақтау қаласының әкімі С.Трұмовқа тапсырма берілгенін айтып өтті.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА