Атырау қаласында спорттық бал билерінен «Аэлита-2017» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған сайыс Ел тәуелсіздігі мерекесіне арналды. Қазақстан, Ресей мемлекеттерінің белді би топтары қатысқан жарыстан ақтаулық бишілер жеңіспен оралды.
Тарқатып айтар болсақ, Жасұлан Канапин, Анеля Нұртайқызы мен София Ивахнюк алтыннан алқа тақса, Артем Овчиников пен Дарья Баранова күміс медальді қанағат тұтты. Мансұр Мұсаев пен Дарья Шееваға қола медаль бұйырды.
- Халықаралық турнирге 6 мен 11 жас аралығындағы 350 жасөсіпірім қатысып, сынға түсті. Үш күнге созылған сайыста ең кіші жастан бастап хореографиялық дайындықтан өткен барлық спортшылар өнер көрсетті. Олар веналық вальс, танго, ча-ча-ча, румба, джайв, самба секілді спорттық би бағдарламаларын орындады. Менің шәкірттерім мұндай халықаралық жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Десе де, көрсеткен нәтиже керемет болды. Үш алтын, екі күміс және екі қола медальдарды қанжығалап, мерейміз тасып, қуанышпен оралдық, - дейді «Жас қанат» спорттық бал билері бөлімінің жаттықтырушысы Наталья Данилова.
Венера МИРЛАН