"ҚТЖ" ҰК" АҚ бойынша өткен байқаудан бас бәйгемен оралған түбектің жас теміржолшылары келе салысымен игі істерге ұйытқы болуға кірісті. Тәуелсіздік күні облыстық қарттар мен мүгедектердің интернат үйіндегі қариялардың және №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тәрбиеленуші сырқат балалардың көңілін сұрай барып, мерекелік кеш сыйлады.
Кеш Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Нәжимеден Ғұбашев, теміржолшылары кәсіби одағының аймақтағы төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов, бөлімшенің кадр бөлімі басшысы Екпін Қожахметовтың қолдауымен өтті. Онда жастар Рухани жаңғыру аясында Қазақ хандығының құрылу тарихын сахналап, көрініс қойды, ән айтып, домбыра тартты. Елі, жері, ұрпақтар болашағы үшін күресіп, тарихта қалған азаматтардың есімін қайта жаңғыртты. Мұны тамашалаған балалар өздеріне рухани азық алса, кейбір қарттар көздеріне жас алып, батасын берді.
Әлеуметтік мекемелердің басшылары Күміс Қалиева мен Шаттыгүл Қаракүшікова да ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.
- Қазір бізде барлығы жүзден астам бала тәрбиеленеді. Олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ата-аналары бар түрлі топтағы науқас, мүмкіндігі шектеулі балалар болғандықтан әрқайсысына өзгеше күтім, қамқорлық, қарым-қатынас қажет. Ал бүгінгі концерт оларға да, бізге де ұнады. Балалар билеп, қамқорлықты сезініп, мәз-мейрам болды. Темір жол сияқты сондай бір жауапты жұмыста жүрсе де теміржолшыларда осындай да өнер иелері бар екеніне сүйсіндік. Олардың өнерге де уақыт тауып, онымен өзгелерді де қуантып жүргеніне ризамыз,-деді Ш.Қаракүшікова. Қарттар үйіндегі ақсақалдар да алғыстарын білдіріп жатты.
Теміржол жастарының аймақтық өкілі Қуатбек Көпбаевтың айтуынша бұл дәстүр мұнымен бітпек емес. Жастар алдағы уақытта да жүрек жылулығына мұқтаж жандарға бір сәттік болса да қуаныш сыйлауды өз алдыларына мақсат еткен.
Мерекелік шараның тартымды өтуіне "Мұнайлы" газетінің хатшысы Әсем Амангелді, Маңғыстау ауылы әкімдігінің қызметкері Сәуле Амангелдиева да атсалысып, әннен шашу шашты.
Шахида ЖҰМАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45020,45015,45013,45022,45012"]