Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Нидерланды Корольдігінің Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Копты қабылдады, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас, инвестициялық ахуал сөз болып, елші экспортқа бейімделген Нидерландының кәсіпкерлері Қазақстанда бизнесін өркендетуге ынталы екендіктерін жеткізді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында Маңғыстау мен Нидерланды арасындағы сауда айналымы 141 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде 130,7 млн АҚШ доллары экспортқа, 10,2 млн АҚШ доллары импортқа тиесілі.
Экспортқа мұнай өнімдері, әскери кемелер мен ядролық реакторлар және ауыр техникалар тасымалданған.
Ал импортқа буксирлер мен сүйрегіш кемелер, металл өнімдері және бояулар жеткізілген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде Маңғыстау облысындағы 44 мекемеде нидерландиялық компаниялардың үлесі бар.
Облыс басшысы Ералы Тоғжанов елшіге облыстың әлеуетін таныстырды. Аймақтың экономикалық дамуының басым бағыттары - көліктік-логистикалық, құрылыс, туризм, агроөнеркәсіп кешені және мұнай саласы болып табылады.
Жиын соңында екі елдің арасында жүзеге асырылатын жобалар талқыланды.
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ