Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы аймақта екінші рет жас мамандар арасында «Жігіт сұлтаны-2017» облыстық байқауын ұйымдастырды. Шара Тәуелсіздік мерекесіне қарсаңында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұмысшы жас мамандар арасында өтті.
- Өңірде «Жігіт сұлтаны» байқауы өткен жылы өндірістік кәсіпорындардағы жас мамандар арасында ұйымдастырылса, биыл жұмысшы жас мамандар арасында өтуде. Қараша айында ұйымдастырылған іріктеу турына 19 жас маман өтініш білдіріп, олардың ішінде 7-уі іріктеу кезеңіне өткен болатын. Бүгінгі байқауға сайдың тасындай іріктелген нағыз нар тұлғалы жеті жігіт қатысуда. Олар өлкедегі ірі өндіріс ошақтары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Argymak TransServise» ЖШС, «Oil Construction» ЖШС және мекемелер «Мейірбике» колледжі, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ, Бейнеу аудандық орталық ауруханасының намысын қорғайды,- деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Аманғали Нұрдәулетов.
Сан қырлы өнерлерімен танылған жігіттерге «Жас қанат» республикалық байқауының жеңімпазы Аида Байгелова, «Жас батыр» мамандандырылған жастар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов, «Жорға» халықтық ұжым би ансамбілінің көркемдік жетекшісі Айнұр Сариева, «Зефир» сән студиясының басқарушысы, 2012 жылы «Мисс Прикаспий» сұлулық конкурсының бас жүлдегері Аяжан Телеубаева, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдаулетов, Маңғыстау облыстық ұлттық ойындар клубының директоры Қанағат Сүйеубаев, халықаралық конкурстардың жүлдегері, Маңғыстау облыстық филармонияның әншісі Екпін Толқынхан, сазгер, әнші Асылбек Құрман, Маңғыстау облыстық өндірістік кәсіпорын жас мамандары арасында өткен «Жігіт сұлтаны - 2016» облыстық байқауының жеңімпазы Марат Мамбетов төрелік етті.
Тағы оқыңыздар: «Бастау Бизнес» – қайырымы мол жобаСайысқа қатысушылар таныстыру, сұрақ-жауап бойынша бақтарын сынап, өнерлерін ортаға салды. Бірі-гитарамен ән шырқаса, енді бірі-күмбірлете күй тартып, өлең оқып, жиналған көпшілікті поэзия әлеміне бойлатты. Келесі кезекте жігіттерге спорттық сайыста бақтарын сынауға тапсырма берілді. Бұл сынақта да сайыскерлердің әрқайсы осал емес екендіктерін дәлелдеуге тырысып бақты. Байқауға дайындық барысында жігіттер ипподромда атқа отыру өнері бойынша өзара сайысқа түскен, олардың өнеріне баға берген әділқазылар жігіттердің ат әбзелдерін, жылқының жасын, түсін қазақи ұғымға сай сипаттай білуін, әр жігіттің атқа мініп шабу өнерін, жамбы ату бойынша мергендіктері мен ептіліктерін бағалады. Соңғы сынақ бойынша жігіттердің зияткерлік деңгейін анықтайтын сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылды. Бұл сыннан сүрінбей өту үшін сайыскерлерге Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасына, Маңғыстау тарихына және халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүріне қатысты 3 түрлі сауалдарға жауап беру қажет болды. Сонымен қатар, логикалық сұрақтар да қойылды.
Тартысты өткен байқаудың қорытындысында бас жүлдеге ие болып, «Жігіт сұлтаны-2017» атану «Өзенмұнайгаз» АҚ, №3 мұнайгаз өндіру басқармасы, жер асты жөндеу цехының аға операторы Берік Қорғанбаевқа бұйырды. Екінші орынға «Мейірбике» колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Жанаман Бақтөреев лайық деп танылса, үшінші орыннан «Oil Service Construction» ЖШС «Әлеуметтік саясат тобының» аға маманы Әсет Нұрсебепов көрінді. Бас жүлдеге 100 мың теңге, екінші орынға 60 мың теңге және үшінші орынға 40 мың теңге мен алғысхаттар табысталды.
Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44569,44574,44570,44573,44571,44572,44575,44576,44577,44578,44579,44580,44581"]