25-26 қараша күндері Атырауда көркем гимнастикадан «Каспий жұлдыздары» атты ашық республикалық чемпионат өтті. Жарысқа еліміздің Атырау, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз өңірлерінен келген 5 пен 17 жас аралығындағы 200 гимнасшы қатысты. Олардың арасынан маңғыстаулық гимнасшылар топ жарып, 3 алтын, 2 күміс және 13 қола медальдарды қанжығалады. Осылайша, облыс қоржыны 18 медальмен толықты.
Тарқатып айтар болсақ, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің гимнасшылары Кәусар Жұмабай (2008 жылғылар арасында), Айкүн Қырықмылтық (2009 жылғылар арасында) пен Аққуым Манарбекқызы (2010 жылғылар арасында) жүлделі бірінші орынға ие болып, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, Саида Дәуренқызы (2010 жылғылар арасында) күміс медальдің иесі атанса, Аяулым Орынбаева, Рысбике Сейбағыт (2008 жылғылар арасында), Аружан Қуанбаева, Нұрай Асқарқызы (2009 жылғылар арасында), Сана Абайқызы (2010 жылғылар арасында), Арайлым Жақсымұрат, Айым Тлеуова (2011 жылғылар арасында) қола медальға қол жеткізді.
-Одан бөлек көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының қыздары да осы жарыстан жүлделі орындардан көрінді. Топтық бағдарламада 2009 және 2010, 2011 жылғылар арасында үшінші орынды жеңіп алды. 2007 жылғылар арасында Диана Қыдырбаева күміс медальді иеленсе, 2008 жылғылар арасында Сабина Қосымбетова, 2009 жылғылар арасында Қарлығаш Каримхан, Жанель Әбдіхалықова, 2010 жылғылар арасында Дарья Бөкенбай, Дарья Лукьянчикова, Рауана Халидулинаға қола медаль бұйырды. Әрине, мұның барлығы ұстаздар еңбегінің жемісі, төккен тердің өтеуі деп білемін,-деді облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің көркем гимнастикадан жаттықтырушысы, облыстың аға жаттықтырушысы Бибігүл Ерназарова.
Айта кету керек бүгінде өңірде 1200 қыз бала көркем гимнастикамен айналысады. Оларға білікті алты бапкер дәріс береді.
Венера МИРЛАН