84-қадам. Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру. Әлеуметтік көмек тек оған шынымен зәру азаматтарға ғана берілетін болады. Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілетін болады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынанЖуырда облыс әкімдігінде елімізде келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беруді халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында семинар өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Звира Есбергенова, облыстық басқарма басшылары, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауыл әкімдері қатысты.
–Құрметті жиынға қатысушылар! Еліміздің әлеуметтік саласы үлкен реформалар алдында тұр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа форматқа көшудің 5 қадамын дайындады. Біз бірігіп ұйымдастырушылық мәселелер, азаматтардың статусының өзектілігі, рәсімделмеген жұмыспен қамтуды заңдастыру, еңбекпен қамтылмаған тұрғындарды анықтау және еңбекке тарту бағыттары бойынша жұмыс жүргіземіз. Осы реформаны іске асырудағы негізгі жауапкершілік аудан мен ауыл әкімдеріне жүктеледі. Алдымен 10 қарашаға дейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, білім, экономика және қаржы басқармаларынан, статистика департаментінен, еңбек инспекциясынан, кәсіпкерлік палатасынан және тағы да басқа мемлекеттік құрылымдардан, жұмыс берушілерден, үкіметтік емес ұйымдардан тұратын штаб құру қажет. Екіншіден, 15 қарашаға дейін жұмыспен қамту бойынша аймақтың жол картасын жасақтап, министрлікке келісімге жібереміз. 2018– 2019 жылдары дайындалған жол картасының жүзеге асуы қадағаланып, мониторинг жүргізіледі. Атқарылған жұмыстар бойынша аудан, ауыл әкімдері облыс әкімі алдында, аймақ басшысы Президент әкімшілігі алдында есеп береді. Апта сайын министрлікке есеп жолдаймыз. Бұл жұмыстарды жүйелі жасауыңыз үшін материалдық- техникалық жағдайларыңыз жақсы болуы керек. Жылдың аяғына дейін облыстағы барлық орталықтарды аралап шығуға тырысамын,–деді аймақ басшысының орынбасары Шолпан Лазарқызы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қарашаш Нұрмамедованың айтуынша, аудан мен қалалардағы 7 жұмыспен қамту орталығында 84 қызметкер бар. Бұл қызметкерлер 50 компьютер, 25 принтер, 34 сканермен жұмыс жасайды. Аудан-ауылдарда әлеуметтік көмек көрсететін қызметкерлердің барлығы компьютермен, принтермен, сканермен қамтылып, әрқайсысының логині мен паролі болуы тиіс. Себебі, әлеуметтік көмек алатын тұрғындардың құжаттары маманның көмегімен тез арада рәсімделіп, онлайн түрде базаға енгізілуі тиіс.
–Азаматтардың статусының өзектілігі категориясына студенттер, қайтыс болғандар, көшіп кеткендер жатады. Анықтау алгоритмдері қала, аудан, ауылдарына жіберілді. Мәселен, сіздер берген мәлімет бойынша өңірімізде 9311 студент бар екені анықталды. Бұл мәлімет базаға енгізілгеннен кейін еліміздің білім және ғылым министрлігіне жіберілді. Осыдан бір ай бұрын министрлік берілген деректің (9311) 38 пайызы, яғни 3574-інің ғана студент екенін растады. Қалған тұрғындардың статусы қандай екені белгісіз. Сондықтан бұл мәселеге аса сақтықпен, байыптылықпен қарауларыңызды сұраймын. Біз Ішкі істер министрлігіне өңірден 6590 адамның көшіп кеткені туралы мәлімет бердік. Министрлік 1957 адамның көшкенін растады. Қалған адамның қайда екені туралы мәліметті ала алмай отырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова.
Оның хабарлауынша, рәсімделмеген жұмыспен қамтуды заңдастыруға бағытталған 4-қадамдағы категорияға міндетті зейнетақылық жарна аударымынсыз жұмыс істеп жүргендер және тіркелмеген жеке кәсіпкерлер кіреді. Бұл қадамда ауыл әкімдері 12460 тұрғынның тізімін берсе, оның 4393- і ғана осы санатқа кіретігіндігі расталған.
–Еңбекпен қамтылмаған тұрғындарды анықтау кезінде тіркелмеген жұмыссыздар мен нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға баса назар аударуымыз қажет. Ауыл әкімдері жұмыссыздарды «Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша еңбекке тартуға жұмыстанып, мүмкіндіктерін пайдаланыңыздар. Жатақхана дайын. «Жаңа серпін» орталығының директоры Қайрат Рыспаевпен тығыз жұмыс жасаңыздар, – деді аймақ басшысының орынбасары Шолпан Лазарқызы.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Звира Есбергенова ауылшаруашылығы басқармасы ауыл әкімдерімен бірігіп, шаруа қожалықтарының нақты санын шығарып, онда қанша адам жұмыс жасайтынын анықтау қажеттігін назарға берді. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауыл әкімдері арнайы медиа жоспар құрып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керектігін айтты.
–Маңғыстау облысында 47 мың зейнеткер бар. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы көлемі 8 пайызға өседі. Базалық зейнетақы жүйесі келесі жылдан бастап өзгереді. Зейнеткерлер еңбек өтілі көп екенін, зейнетақысы аз екенін айтып шағымданады. Егер азаматтардың еңбек өтілі 33 жыл болса, келесі жылы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы екі есеге дейін өседі. Зейнеткерлердің еңбек өтіліне емес, зейнетақы жарнасына қарай 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі де, кейінгі де еңбек өтілі есепке алынады. Келесі жылдан бастап өзгеріс енгізілген атаулы әлеуметтік көмек бойынша 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға жәрдемақы беру тоқтайды. Бұрын алып жүргендерге беріле береді. Демек, төлем түрі өзгереді. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 6 және одан да көп отбасыларға берілетін көмек сақталады. Әйел азамматардың зейнет жасы өседі. Облыста 1960 жылғы туылған, келесі жылы 58 жасында зейнеткерлікке шығатын 726 әйел адам бар. Атап айтсақ, Ақтауда –331, Жаңаөзенде –164, Бейнеуде – 50, Маңғыстау ауданында – 22, Қарақияда –31, Түпқарағанда – 22, Мұнайлы ауданында –106. Бұл тізімде жұмыс жасап жатқандар жоқ. Облыста зейнеткерлер 1 млрд.976 мың 223 теңге алса, шілдеде бұл қаржы 2 млрд.433 мың теңгеге дейін артты. Республикалық бюджеттің 35 пайызын әлеуметтік сала құрайды. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс,– деді Маңғыстау облысы бойынша еңбек, халықты қорғау және көші- қон департаментінің директоры Арман Елдесов.
Тағы оқыңыздар: «Жұбан тамы» жайлы хикаят
Облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетованың айтуынша, өңірімізде 1960 жылы туылған 3162 әйел адам бар. Оның 721-інің жұмыс жасайтыны немес жасамайтыны белгісіз. Қала, аудан әкімдеріне оларды тұрғылықты жеріне байланысты тауып, түсінік жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
– 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы әлеуметтік көмектер жүйесінде үлкен өзгерістер орын алады. Келесі жылдан бастап қолданыстағы әлеуметтік көмектер (көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек) біріктіріліп, жаңа әлеуметтік көмек түрі енгізілмек. Көмек түрі шартты және шартсыз деп екіге бөлінеді. Шарттының негізгі мақсаты – қоғамдағы масылдықты жою. Еңбекке қабілетті адамдар жұмыс жасауға келіскен жағдайда ғана атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Шартсыз әртүрлі жағдайларға байланысты жұмыс істеуге қабілетсіз мүгедектер, зейнеткерлер, 7 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған аналар, 1-2 топтағы мүгедекке күтім жасап отырған адамдарға және атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс деңгейінің 50 пайызына жетпеген жағдайда төленеді. Ал еңбекке қабілетті жастағы адамдарға мемлекет көмек немесе жұмыс ұсынылады. Бүгінде өңірімізде 2300 адам әлеуметтік көмек алады. 18 жасқа дейінгі 4800 бала жәрдемақы алады, –деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қарашаш Нұрмамедова.
Семинар барысында келесі жылдан бастап әлеуметтік қорғау жүйесіне енгізілетін басқа да өзгерістер түсіндіріліп, мәселелер, ұсыныс- пікірлер талқыланды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40829,40826,40831,40827,40828,40825"]