Ақтау қаласынан бастау алған «Керуен» көшпелі көрме-жәрмеңкесі апта басында Жаңаөзен қаласына келді. Жәрмеңке 31 қазан күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ашылды. Шараға қала тұрғындары, әсіресе қала жастары қатысты.
- Менің «Керуенім» киелі Маңғыстау өлкесінен бастау алды. Тәуелсіздік мерекесіне дейін жалғасын табады. Жаңаөзен қаласынан кейін Атырау, Құлсары, Орал, Ақсай, Ақтөбеге барып, соңғы аялдама Астана қаласына дейін жетеміз. Осы іс-шараға үлес қосып жатқан Жаңаөзен қаласының әкімдігіне рахметімді айтамын, - деді «Пана Б» қайырымдылық қорының төрайымы, «Керуен» көшпелі көрме-жәрмеңкесінің ұйымдастырушысы Бибігүл Кәрденова.
«Керуен» жәрмеңкесіне 45 шебердің бұйымы қойылған. Қолөнершілердің 70 пайызы халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып, өз бұйымдарын ұсынғандар. Оның ішінде, күмістен жасалған бұйымдар: сырға, сақина, өңіржиек, қарсы ілгек, алқа, білезік, теріден жасалған аяқ киім, әмиян, сөмке, белдік, қолжазбаға арналған қойын дәптер, қабырға суреті, төрт түлік малдың жүнінен тоқылған жемпір, шұлық, қазақтың ұлттық киімдері, тағысын тағы дүниелер бар.
- Бүгінгі шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін ұмытпай, жастар, жалпы халық арасында сақталуына, ұстануына мүмкіндік жасау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қолөнер шеберлерінің туындыларын көрсету үшін ұйымдастырылып жатыр. Сіздерге алғысымызды білдіреміз. Барша қала тұрғындарын көрмені тамашалауға шақырамыз, - деді жәрмеңкенің ашылуында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаева.
Елбасы Н.Назарбаев өскелең ұрпақты рухани адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек деген болатын. Осы орайда «Керуен» көшпелі жәрмәңкесі қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғырту, ұлттық нақыштағы туындыларын паш етіп, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өшпес із қалдырып отырған шеберлердің еңбектерін бағалап, болашақ ұрпаққа мұра ету мақсатында өткізіліп отыр.
- Көрме- жәрмеңкенің атын «Керуен» деп атауымның өз мәнісі, себебі бар. Мұндағы арман-мақсатым еліміздегі барша қолөнершілердің, суретшілердің, жалпы шеберлердің басын қосып ұйым ашу, олардың еңбектерін елге көрсету. Болашақта «Керуен» жібек жолын салып, мәдениетіміз оралып, мәдениетіміз бен бірге әрбір жасымыздың үстінде қазақтың ұлттық киімдері, бұйымдары жарқырап жүреді деген сенімдемін. Жастар ата-бабадан мұра болып келе жатқан қолөнер бұйымдарын көріп, біліп, күнделікті өмірінде тұтынуы қажет. Әрине, мұның барлығы болашақтың еншісінде, - дейді Б.Лаубайқызы.
Биыл Батыс Қазақстанды ғана аралауды мақсат еткен «Керуен» келер көктем мезгілінде еліміздің басқа бөліктерінде болуды жоспарға қойған. Ал, қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған көрме-жәрмеңке жаңаөзендіктер үшін 31 қазан мен 5 қараша аралығында «Жаңаөзен» ойын-сауық орталығының екінші қабатында ашық болады. Сондай-ақ, Елбасы алдында шеберлік сыныбын көрсеткен талдықорғандық қолөнерші Роза Сәмет үйренемін деген жастар болса бізбен кестелеу әдісімен бөлісуге әзір.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА