Облыс орталығында «Hand Made» деп аталатын қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Шараға 48 шебер қатысып, өздерінің төл туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Қазақша оюмен дайындалған қыз жасауын, қыз-келіншектердің әшекейлерін, киізден жасалған сөмкелерді, тәтті тағамдарды да осы жәрмеңкеден табуға болады.
-Қолөнер шеберлерінің жәрмеңесін жылына төрт рет өткіземіз. Биыл 11-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл санап жәрмеңкеге қатысып, бұйымдарын көпшілік назарына ұсынғысы келетін шеберлердің қатары артып келеді. Жәрмеңке аясында бүлдіршіндерге сурет салудан шеберлік сабағы да өткізіледі және қала тұрғындары арасында ұтыс ойындары ойнатылады,-дейді шараны ұйымдастырушы Люся Пасмурная.
Жәрмекеге қатысқандардың қатарында «Жаңа серпін» бағдарламасы аясында Ақтау қаласында ашылған «Тренинг кафенің» қызметкерлері де бар. «Мүмкіндігім шектеулі» деп қоғамнан өздерін алшақ ұстайтын жастарды еңбекке үйретіп, жігерін жанып, аспаздық кәсіптің қыр-сырын білуге баулып жүрген орталықтың қызметкерлері бар өнерін салып, бұл күнге арнайы дайындалған. Жәрмеңкеге келушілерге бәліш, самса, түрлі тәтті тағамдарды ұсынып, алғыстарына бөленді.
- Тренинг кафенің ұстанған негізгі бағыты-ақыл есінің дамуы тежелген, төрт қабырғаға қамалып, қоғамнан өздерін алшақ ұстайтын, тұйықталып қалған мүмкіндігі шектеулі жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, еңбекке үйретіп, қоғамға қосуға сауықтыру шарасын жүргізу. «Тренинг кафеде» 17-20 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі 12 жас аспаздың көмекшісі мен даяшы мамандықтарына бір ай көлемінде арнайы оқытылып, қазіргі таңда жұмыс жасап жатыр. Аптаның әр күні шаһардағы білікті аспаздардан тәлім алып, шеберліктерін шыңдап отырады. Тіл үйіретін түрлі тағамдар әзірлеп, тәттілер пісіруді үйренді. Мұнда жастардың жұмыстан тыс уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында кафе басшылығы әр түрлі бағытта дамыту семинарларын, психологиялық тренингтерді тұрақты түрде де ұйымдастырып отырады. Білікті маман психологпен жұмыс та жолға қойылған,-дейді «Тренинг-кафе» әкімшісі Гаухар Сұлтанова.
Венера МИРЛАН,
Суретті түсірген автор.