Облыстың туризм саласын дамытуға бағытталған форум 3-4 қараша күндері өтеді.
Мақсаты – өңірдің туристік және қонақ үй бизнесі әлеуетімен таныстыру, қонақ үй бизнесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық тәжірибемен алмасу. Туроператорлар мен қонақ үй шаруашылығы кәсіпорындары арасында тиімді өзара келіссөздер жүргізу.
Іс-шараға мемлекеттік органдар мен кәсіподақ ұйымдары өкілдері, туристік бизнес және қонақжайлық индустриясы сарапшылары мен кәсіби мамандары, туристік үйымдар мен ассоцияциялар, туроператорлар мен турагенттер, санаторлық және курорттық сала бойынша өндірушілер мен жеткізушілер, туристік қызмет көрсету нарығының басқа да өкілдері қатысты.
Алғашқы сөзімен шараны ашқан МО туризм басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира Сүйеуова туризм саласындағы облыстың жетістіктері мен алдағы жоспарлармен таныстырды.
Сондай-ақ, ол Маңғыстаудың туризм көрсеткіші жөнінен Қазақстанда төртінші орында тұрғандығын атап өтті. Алдыңғы үштікке Алматы, Астана және Атырау қалалалары жайғасқан.
- Маңғыстауды Құдай туризм үшін жаратқан. Бізге ештеңе ойластырудың қажеті жоқ, өйткені бәрін бізге дайын күйде берген. Шарлар аңғары керек пе, киелі орындар, құмды аймақ, теңіз қажет пе бәрі бар. Түркияға барғанда онда келген адамдардың шынында демалуға келгенін байқайсың. Ал бізге басым бөлігі жұмыс істеу үшін келеді. Бұл үлкен айырмашылық. Мен біздегі этно ауылды ерекше атап өтер едім. Онда келіп, біздің мәдениетімізбен, дәстүрімізбен танысса, ұлттық құндылықтарымызды тамашаласа, ұлттық тағамдарымыздан дәм татса, ол мұражайға барғаннан әлдеқайда әсерлі болар еді. Бұл жерде жай ғана туризм дегеннің не екенін түсіну қажет. Туристердің демалысының арасында тым құрығанда бір рет болса да этно ауылға апарып отырсақ. 30 адамға арнап дастарқан жайып, оларға ұлттық дүниелерімізді дәріптеп, киіз үйдің пайда болуы, құрылымы, онда бүтін бір отбасы өмір сүре алатынын әңгімелесек қызығар еді. Туристеріміз алып қонақүйдің ең жоғары қабатынан тамақтанып отырып, теңізімізді, көрікті жерлерімізді тамашаласа, бұл да оң әсерін тигізеді, - деді Маңғыстау облысындағы «Номад» туристік қауымдастығының төрағасы Виктор Кох.
Форум аясында Алматы қаласының «DPR» маркетингтік бюросымен мына 3 бағыт бойынша шеберлік сағаттарын өткізу жоспарланған:
- «Облыстың орналастыру орындарының қонақжайлық картасын әзірлеу»
- «Деректердің негізінде қонақ үй шаруашылығы кәсіпорындарының маркетингі»
- «Қонақ үйдің дұрыс сервистік стратегиясын жүргізу»
Осы тақырыптар төңірегінде бюро басшысы Жанан Прашкевич, маркетолог-сарапшысы Әлішер Таипов және бизнес-жаттықтырушы, психолог Юлия Соколова тәжірибелерін ортаға салып, қатысушылар сұрағына жауап беретін болады. Форум соңында оларға курс өткендігі туралы арнайы сертификаттар табысталады.
-Биыл тамыз айында мен Каспий теңізіне алғаш рет түсіп көрдім. Ондағы сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Қазақстанда осындай теңіз бар, біз соны Алматыда жүріп ұмытып кете береміз. Маңғыстау еліміздегі туристік әлеуеті өте жоғары, мүмкіндіктері шексіз аймақ. Теңіз арқылы қаншама елмен байланыса алады. Сондай-ақ, мұнда нағыз қазақылық, қазақтың қонақжайлық қасиеті, дәстүрі сақталған, - деп атап кетті «DPR» маркетингтік бюросының басшысы Жанна Прашкевич.
Форум мүшелері ертең Каспий теңізін арнайы теңіз таксиімен аралап, серуендейтін болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40963,40927,40966,40969"]