©
Өзенмұнайгаздықтар өз арасында жыл аруын таңдады. «Өзенмұнайгаз аруы – 2017» деген атаумен өткен байқауға компанияға қарасты 7 басқармадан үміткер қыздар қатысып, бақтарын сынады. Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Байқау шартына сай қыздар алдымен өздерін таныстырды. Бірі қара өлеңнен жыр төгіп, бірі әндетіп, енді біреулері сахналық қойылымдар қойды. Бұл кезеңде ӨТҚжЖЖБ-нан келген өзін 3 баланың анасымын деп таныстырған Әйгерім Тарапыеваның таныстыру мәнері, сахнада өзін еркін ұстауы көпшілік көңілінен шықты. Кезек өнер көрсету сайысына келгенде мұнайшы арулар бірінен соң бірі мұңды образда өлең оқи бастағанда поэзия кешіне түсіп кеткендей әсер алдық. Шеберліктерінде мін жоқ. Әсіресе, орталық аппараттың намысын қорғаған Ақтоты Темірбектің оқу мәнері, дикциясы кәсіби әртістерден кем түспеді. Ән салған қос Әйгерімнің айыбы фонограммамен айтқаны болмаса, әндері де, өздері де әдемі шықты. Аспаздық шеберлік сайысында өзінің шапшаңдығымен жемістерін ерекше безендіре білген №3 МГӨБ аруы Гүлмира Алдабергенова ерекше көзге түсті. Сұрақ-жауап турында ұйымдастырушылар қыздарға қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары жайында сұрақтар дайындаған екен. Халқымыздың ұлттық құндылықтарын, дәстүрлерін жетік меңгерген мұнайшы қыздар таңдай қақтырды. Қыздардың бұл сайысқа дайындықтарының кереметтілігі сонша, бір-біріне дес берместен, алдарына жан салмай экраннан қойылған сұрақтарға айна-қатесіз, мүдірмей жауап беріп жатты. Әйтсе де, қазылар тарапынан қойылған қосымша сұраққа бірде-бір үміткер дұрыс жауап бере алмады. Екі сағатқа созылған байқау қорытындысы бойынша «Өзенмұнайгаз аруы – 2017» болып №3 МГӨБ қызметкері Гүлмира Алдабергенова атанды. 1-орын «Өзенмұнайгаз» орталық аппаратынан келген Диана Қамысбаеваға бұйырса, 2-орынға – Ләззат Сұлтанова (№1 МГӨБ), 3-ші орынға Әйгерім Өрбісінова (ТТБ) ие болды. «Көрермен көзайымы» болып Әйгерім Тарапыева танылды. Иә, қыздарға әсемдік жарасады. Сәні мен сымбаты келіскен арулардың дайындығы, ұлттық нақышта киген киімдері мен таққан әшекей бұйымдары бірінен бірі өтіп, көздің жауын алады. Сұлулық пен нәзіктік салтанат құрған мереке қоңыр күздің кешінде жұмыстан шаршап шыққан көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Сахналанған әрбір нөмірдің артында қыруар еңбек пен қатысушы әрбір нәзік жанның үкілеген үміті жатқанын білеміз. Сайыс болған жерде жеңімпаз біреу болары шарт. Сондықтан жүлделі орынға ілінбей қалған аруларға көңілдерің түспесін деп, ал байқауды ұйымдастырушы - «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның Жас мамандар кеңесіне алдағы уақытта да елге ұсынар игі істерің көп болғай деп тілейміз.Айжан Насырова
Сурет "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның
жұртшылықпен байланыс департаментінен алынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="40851,40855,40853,40854"]