Маңғыстау облысында 9 айдың қорытындысы бойынша құрт ауруына (туберкулез) шалдығу көрсеткіші 2,7 %-ға төмендеді. Құрт ауруынан көз жұматындар саны 4,8% азайды. Бұл жайында облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қуат Титанов мәлімдеді.
Аурудың төмендеуі Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласында байқалады. Керісінше Маңғыстау ауданында 22%-ға дейін ауру өскен.
– 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда балалар арасында ауру 16%-дан 19,6%-ға өсті. Өлім саны 4,8%-ға төмендеді. Бақилық болған 13 адамның 11-і созылмалы құрт ауруымен ауырғандар және IV санаттағы ауру бойынша есепте тұрғандар. Туберкулез – аса қауіпті дерт. Ауру белгілері көпке дейін білінбейді. Алғашында аздаған құрғақ жөтел пайда болып, кейін күшейеді, тамаққа тәбеті тартпайды, ұйықтағанда терлеп, кешке қарай дене қызуы көтеріледі, тез шаршайды. Содан кейін жөтел, қан аралас қақырық пайда болады. Осы белгілер біліне салысымен, неғұрлым ертерек фтизиатор дәрігерге қаралу қажет. Туберкулездің алдын алудың аса тиімді тәсілдерінің бірі халықты профилактикалық медициналық тексеру болып табылады. Туберкулезді рентгенологиялық әдіспен көкірек қуысын флюрография және рентгенологиялық әдіспен зерттеу арқылы анықтауға болады. Сондықтан облыстық диспансер арнайы ашық есік күндерін және жылжымалы флюрографиялық кешен арқылы тұрғындарды тегін тексеруден өткізіп отырады. Біз үшін емдеу емес, аурудың алдын алу маңызды, – дейді облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қуат Титанов.
Венера МИРЛАН