©
«Алғашқы концертімді атам Нәсіпқали Марабаевтың 80 жылдығына арнаймын». Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әнел Марабаева осылай деді.
21 қазан күні «Тұран» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен биші Әнел Марабаеваның «Ұлы дала музыкасы мен билері» атты кеші өтеді.
Әнел Марабаева-Нұрсейітова ҚР Тұңғыш Президенті қорының лауреаты. «Наз» би театрының солисті. Бірнеше халықаралық конкурстың лауреаты. Шара Жиенқұлованың ізбасары.
-Өзім Павлодар қаласының тумасымын, Маңғыстаудың келінімін. Біраз үзілістен соң жолдасымның туған жеріне концерттік бағдарламамен келіп отырмын. Екі жылдай бала күтімінде болып, сахнаға шықпадым. Міне, алғашқы концерттік бағдарламамызды еліміз бойынша Ақтау қаласынан бастамақпыз. Біздің атамыз Несіпқали Марабаевтың туғанына биыл 80 жыл. Мұнайшылар династиясынан құралған әулетке шығармашылық тұлға, яғни, мен келін болып түстім. Осы концертімді атамды еске алуға арнаймын, - дейді Әнел Марабаева.
Әнел концертте бір-біріне ұқсамайтын «Ұмай ана», «Аққу», «Шебер келін», «Бөлбөбек», «Ер Тұран» қойылымдарын ұсынбақ. Қойылымдар этно-фольклорлық «Тұран» тобы әуендерінің сүйемелдеуімен жүзеге аспақ.
-«Тұран» тобымен біз алғаш рет Алматыдағы менің жеке концертімде өнер көрсеттік. Осы жерде қызық сәйкестікті айта кетейін. Ол концерт Абай атындағы опера және балет театрында өткен еді, енді міне, Ақтауда да Абай атындағы мәдениет кешенінде өтпек. «Тұран» тобымен консерваторияда оқып жүрген кезден таныспын. 2007 жылы топ құрамындағы 5 жігіт бас қосып, бірге әуен жаза бастады. 20 шақты аспапты біріктірді. Оларды еліміздегі этно-фольклорлық бағыттағы алғашқы топ десек те болады. Содан бері топтың 3 жеке альбомы жарық көрді. Біз 2009 жылдан бастап бірге жұмыс істейміз. Жыл сайын топтың репертуары жаңарып, деңгейі жоғарылап келеді. Бірге көптеген шет мемлекетте өнер көрсеттік. Мен әлемнің 20 шақты елінде болсам, «Тұран» тобы 80-ге жуық елді аралап, концерт қойған. Шетелде өнер көрсеткен ұнайды, себебі өзге елдің мәдениетімен танысасың, өз мәдениетіңді дәріптейсің. Бұл – керемет сезім! - дейді Әнел.
Осы сәтте Әнелден шетелдіктердің қазақ дәстүрлі өнерін қалай қабылдайтынын сұрадық.
-Шетелдіктер біздің әуенімізді тыңдағанның өзіне рахаттанады. Олар тіпті, біздің еліміз қандай екенін, қайда орналасқанын білмеуі мүмкін. Бірақ әуенді тыңдап, оған қойылған биді тамашалаған сәтте оларға мұны айтудың қажеті де болмай қалады. Біздің музыкамызға, дәстүрлі өнерімізге, аспаптарымызға сүйсіне қарайды. Бір ғана қобыздың үні олардың жанын ләззатқа бөлейді.
Әнелдің бишілік ретінде қалыптасуына ұстасызының ұстазы, қазақтың тұңғыш кәсіби биші қызы Шара Жиенқұлованың образы ықпал еткен екен.
-Хореография училищесінде менің жетекшім болған Ғайникамал Бисенова – Шара Жиенқұлованың тікелей шәкірті. Оның барлық композицияларын, билерін жатқа біледі. Шара апайдың қандай жан болғанын, қалай өнер көрсететінін, өзін қалай ұстайтынын, барлығын үнемі айтып отыратын. Ол кісі жайлы естеліктердің маған әсер еткені сонша, менің де сондай биші болғым келді, - дейді ол.
Маңғыстаудың өнерлі келіні «Тұран» тобымен барлық Қазақстанды аралап кеш беруді жоспарлап отыр. Келесі концерт Астана қаласында өтпек. Ал сенбі күні барша маңғыстаулықтарды Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде күтеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА