Облыс әкімі Жаңаөзендегі құрылыс нысандарымен танысты
[ 2017 ] 19 қазан, 06:58 | Жаңалықтар
Жаңаөзенге облыс әкімі Ералы Тоғжанов іссапармен келді. Іссапар барысында құрылыс жүргізіліп жатқан бірқатар объектілердің салыну қарқыны тексерілді.
Алдымен аймақ басшысы бастаған топ Рахат ауылындағы 900 орындық мектептің құрылыс барысымен танысты. Мердігер мекеме «Ақ жол құрылыс» ЖШС басшылығымен жұмыс қарқыны жайында бірқатар мәселелерді талқылады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қызметкерлеріне құрылыста күніне 120 адам жұмыс жасау қажеттігін баса айтты. Құрылысқа жауапты тұлғалар нысанды келер жаңа оқу жылына дейін дайындайтынын айтты. Бұдан кейін делегация Маңғыстау облыстық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынып жатқан мектепке жол тартты. «Рауан» шағынауданында бой көтеріп жатқан 900 орындық мектептің құрылысы өткен айда басталған болатын. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов мердігер мекеме «Қараойқұрылыс» ЖШС басшылығына 200 адамды жұмыспен қамтуды тапсырды.
Іссапарын одан әрі жалғастырған аймақ басшысы «Каспий» зияткерлік мектеп-бақшасына бет алды. Ашылуына 50 миллион теңге қаржы жұмсаған жеке кәсіпкер Ісенбай Қалдаманов қазір бұл мектепте 20 адамды жұмыспен қамтуда. Қазіргі таңда кәсіптің көзін тапқан іскер азаматтың арқасында сапалы білім берумен ғана шектелмей, әрбір баланың жеке тұлға боп қалыптасуына бар ықпалын тигізетін ең үздік мамандарды жинақтаған осындай орталық жұмыс жасап жатыр. Бір ауысыммен білім беретін мектепте 147 бала білім алуда. Таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 5-ке дейін оқушылардың күн тәртібі жасақталған. Түске дейін негізгі бастауыш сыныптарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша пәндер өткізілсе, түстен кейін әрқайсысы 2 сағаттан менталды арифметика, орыс және ағылшын тілдері қосымша сабақтары өткізіледі. Алматы қаласында арнайы біліктілігін арттыру курстарынан өтіп келген ұстаздың барлығы балалардың әрқайсысына ден қойып, бір сыныптағы 24 баланы қосымша барысында екі топқа бөліп оқытады.
- Осындай ерекше мектеп-бақшаның ашылғаны қаламыздағы білім беру саласының деңгейін бір бір сатыға көтерді десек қателеспеген болармыз. Біздер сынды жас ұстаздарға бұл - зор мүмкіндік. Әдетте мектеп оқушылары бір ауысымда сабақ оқып, кейінгі бос уақытын қалай тиімді пайдалану керектігін білмей жатады. Ал, мұнда балалар тынығады да, үш мезгіл тамақтанады, қосымша сабақтары да осында оқытылады, - дейді «Каспий» зияткерлік мектеп-бақшасының менталды арифметика пәнінің мұғалімі Майра Дербезова.
Мектеп ұстаздарының айтуынша оқушылар оқулықпен 100 пайыз қамтылған. 1 «Ә» сыныбының сауат ашу сабағына кірген облыс әкімі оқушылармен танысты. «Р» әрпімен танысып жатқан оқушылардың сыныпқа кіре бергенде-ақ үш тілде амандасқаны, аймақ басшысы қойған сұрақтарға нақты да тұшымды жауап бере алуы көз қуантты. Дене шынықтыру залымен, тынығу және арнайы киім ауыстыру бөлмелерімен жабдықталған мектеп-бақшаның жұмысы қызу жүріп жатқаны байқалады. Мектеп ұжымына аймақ басшысы құр қол келмей, тоңазытқыш табыстады. Аймақ басшысы мектеп-бақша басшылығына Жаңаөзен қаласындағы жалпы білім беретін мектептерге үлгі болуды тапсырып, үлкен әдістемелік орталыққа айналуға көмектесетінін айтты. Малайзия, Оңтүстік Корея елдерінің білім беру тәжірибесін пайдалану қажеттігін айтқан аймақ басшысы балаларды отансүйгіштікке, еліне қызмет етуге тәрбиелеуіміз керектігін шегелеп тапсырды. Оңтүстік Кореяда ең көп артықшылық математика, корей және ағылшын тілдері және жаратылыстану ғылымдарына бойынша беріледі. Оңтүстік Корея - барлық білім беру мекемелерінде, бастауыш мектеп жоғары оқу орындарында жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз еткен алғашқы ел.
Келесі кезекте облыс әкімі Ералы Тоғжановқа Жаңаөзен қаласы бойынша іске асырылатын жоспардағы инвестициялық жобалар таныстырылды. Моноқала болып есептелетін Жаңаөзен қаласында әртүрлі қызмет көрсетулер мен өндіріс көздерін ашу, оларды қаржыландыру, қала экономикасын әртараптандыру қажеттілігі туып отыр. «Кендірлі» демалыс аймағына, табиғи қорықтарға аттанатын саяхатшылардың Жаңаөзен қаласына соқпай кетпейтіні белгілі. Осы орайда қаламызда туризм саласын дамыту, қонақтарға қызмет көрсету сапасын жоғарылату қажеттігі де туындап отыр.
«Өзенмұнайгаз» АҚ жұмысқа қабылдауға мораторий жарияланғандықтан, жоғары және арнаулы оқу орындарын тәмамдап келген жастардың санының күннен күнге өсуі жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етіп отыр. Тамақ, құрылыс материалдары өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіпке 300 млн, мал және егін шаруашылығына 200 млн, қонақ үй бизнесіне 50 млн және білім беру, денсаулық сақтау, тұрмыстық қызмет көрсету саласына 50 млн теңге көлемінде қаржы бөлінеді деп жоспарлануда. Облыс әкіміне 2017-2018 жылдарға арналған конкурска қатысуға мүдделі жобалар таныстырылды. Оның ішінде мал бордақылайтын орын, етті қайта өңдеу мен жем шығару, химиялық өнім шығаратын авто цех, жуғыш құралдарды өндіру, дәретхана қағазын шығару және оңалту орталығын салу сияқты жобалар бар. Жобалармен танысқан аймақ басшысы қала әкімі Елубай Әбіловке кәсіпкерлерге толықтай мүмкіндік жасауды тапсырды. Маңғыстау облысындаға негізгі географиялық зона шөл болғандықтан, мал шаруашылығымен айналысатын адамдарға бірқатар қиындықтар туындайтыны белгілі. Негізгі мәселе малға жем жинау, шөбі шүйгін жерлерге жаю. Баптап шөп өсірумен айналысамын деген адамға 30 гектар жер берілетінін де айтылды.
Одан әрі облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Арай» шағын ауданындағы 900 орындық мектеп құрылысы барысын бақылауға келді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан бұл мектептің құрылысы өткен айда басталған еді. Мердігер мекеме мектеп құрылысы келесі жаңа оқу жылына дейін бітеді деп жоспарлап отыр. Іссапар соңында аймақ басшысы «Жаңаөзен-Кендірлі» тас жолының сапасына баға берді.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39478,39477,39480,39473,39484"]
859
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.