Бас-аяғы жиырма жылдың ішінде еліміз үлкен өзгеріске ұшырады. Соның ішінде халықтың сана-сезімі де. Әсіресе бекер мал шашуда біз әлемде көш бастап тұрмыз десек, асырып айтқандық емес шығар. Бесіктой, тұсаукесер, сүндеттой, тілашар, қыз ұзату, келін түсіру, құда шақыру – барлық мерекелер қазақ ішінде аста-төк дырдумен өтетін болды. Кісі қазасына байланысты жаназа, садақаларға жайылған дастарқандардың да ас мәзірі тойдікіндей. Көпке үлгі болар-ау дейтін танымал тұлғалардың өздері де той бергенде де, тіпті топырақты қазада да бір-бірімен жарысып, бәсекеге түсетін дәрежеге жетті. Онжылдықты бітіру кештері де атышулы мейрамханаларда лимузиндетіліп, отшашулармен өтетін болып жүр.
Шенеуніктер, бизнесмендер шектен шығып кетті десек те болады. Тіпті олар өлсе де елден бөлек көмілетін, тек әлгілердің өздеріне ғана дербес рулық, жанұялық пантеондары да бар көрінеді. «Бекер мал шашпақты» тыюға, мереке-жиындарды бәсекесіз, ықшам, мәдениетті түрде өткізуге елге мұрындық болатын «ақ жағалы» оқыған зиялыларымыздың өздері де сол дүрмекке ілесіп жүр бүгінде.
Шығайбай неге бай болған?
Әрине, ол орынсыз мал шашпаған, барының қадірін біліп, тек қана өзіне жаратып, бірін екі қылған шығар! Әлгі Алдар көсе оқыстан үйлеріне кіріп барғанда, тоқалы қамыр илеп, қызы құстың жүнін жұлып, әйелі қазы айналдырып отырмай ма? Өзінің жанұясына керектің бәрін жасап отырған кісі сияқты болып түйіледі кейде. Сараң болса, қыдырма, сұрамсақтарға, ет пісіп жатқан үйдің түтінін аңдып жүретін арамтамақ кезбелерге ғана сараң болған шығар. Тіпті сол кезде Хиуаның ханы да жерік асы болса да палауды аптасына бір-ақ рет жеген деседі білген жұрт.
Дағдарыстың қиын-қыстау кезеңдерінің ұшар басына шықтық деп жүр сарапшылар. Қалың жұрттың төрттен үші үнемдеу саясатына көшкен. Олардың айтуынша елдің алпыс пайызы жаңа киім сатып алудан, ойын-сауық кешендеріне барудан шектелген. Тіпті өткен жылы халықтың ет, балық өнімдеріне, жеміс-жидек, көкөніске сұраныстары біршама төмендеген, ал оның есесіне бағасы арзандау нан-сүт өнімдерін сатып алу көрсеткіші өскен.
Өкімет басындағылар да барлық жерде үнемдеу керектігін алға тарта бастады. Бюджет шығындарын да азайтудың жолдары қарастырылып жатыр.
Жағдай осылай болса да қазекем әлі ойланар емес. Қолдағы барды үнемдеп ұстап, тек керек кезде ғана пайдалану орнына, сол «әләуләйімен» әлі жүр, той беріп, шашылуы толастар емес. Бізге қазір еуропалықтарша үнемдеуді үйренуіміз қажет. Әрине, олар да адам баласы болған соң жанның рахатына кет әрі емес, бірақ сол еуропалықтарыңыз бүгінгі күні барды судай сапырып, қаражатын желге шашпайды. Мысалы, еуропалықтар жол таңдамайтын, жүз шақырымға отыз литр жанармай жұмсайтын «Джиптердің» орнына кіші литражды автокөліктерге әлдеқашан-ақ ауысып мінді. Автокөлік жолдары тар болса да, жүргізушілер мінезінде біздегідей дарақылық жоқ – бір-біріне жол беріп кішіпейілділік танытады. Автокөліктерді демалыс күндері қаланың сыртына шығып, жанұясымен жайбарақат табиғат аясында дем алу үшін ғана мінеді. Ал былайғы жұмыс күндері қоғамдық көлік құралдарынан пайдаланады немесе велосипедке отырады. Ал бізде әлгі «Джиптердің» күйлі жанұяда екі-үшеуі бар. Сосын елде автокөлік басқару мәдениеті өте төмен деңгейде. Жүргізушілер кейбір кезде жолға таласады, ондай кезде боқтық сөздер, айғай-керіс болатыны даусыз. Тіпті төбелес, жұдырықтасу қалыпты жағдайға айналды. Ал енді «Джип» – аты айтып тұрғандай жол таңдамайтын, ой-шұқыры көп дала жолдарына арналған автокөлік. Мұндай көліктер біздің үлкен қалаларымызда тым көп. Ол өзінің арбиған габаритімен қалалардағы кептелістерге «негізгі себеп» екені көлік иелерінің басына кіріп те шықпайды. Олардың жанармайды көп «жейтіні», соған бола қала экологиясына өте зиянды әсер ететіні қаперімізге де кірмейді. Байқайтынымыз, дәу көлікте көбінше бір-ақ кісі отырады. Қаражатты желге шашу деген осы емес пе?
Бұл дарақылық емей немене?
Дағдарыс үстімізде тұр. Ал мейрамханалар мен кафелер екі-үш ай алдын өшіретке қойылған. Қарайған қаражат түрлі тойларға, жаназа-садақа рәсімдеріне жұмсалады. Бұл құбылыс әлдеқашан-ақ қоғам дертіне айналды. Бірақ осындай келеңсіздіктерге мемлекет, әлде жұртшылық тарапынан тыйым салынар емес. «Жұрт құсап мереке өткізу», «Әлдекімнен қалам ба?» деген түсінік - қазекемнің әлі де көкейін тесіп тұрған кесімді пікір.
Ертеде өткендер «Бай бай емес, бай азғантай қаражатты да ұтымды жаратып пайдалану» деп кеткен. Шынында да, еліміздегі халықтың нашар жасауының да бір ұштығы осы жағдайларға да қатысты болса керек.
Еуропалықтар той берген қазақтарға таң қалады. Өйткені олар өз мерекелеріне санаулы адамдарды ғана шақырады. Ал біз болсақ кішкентай отырыстың өзіне елу-алпыс, келін түсірген тойға үш жүзден бес жүз адамға дейін шақырамыз. Стол ойға алып, түсімізде көрмеген тағамдардан қайысып тұрады. Еуропалықтар болса ас ішіп, қарын тойдыру үшін емес, олар тек бір-бірімен жүздесіп, тілдесу үшін ғана барады.
Мұндай тойлар туралы көп нәрсе айтуға болады, бірақ қазекеңнің той бергендегі негізгі мақсаты – жұртты таң қалдырып келін түсіріп той беру, мерейтойлары, тұңғыш балалы болу немесе оның бір жасқа шыққаны, мектепке барғаны, оны тәмамдауы.
Әрине, жоғарыдағыдай той бермейтіндер де бар, бірақ көпшілік оларға мүсіркей қарайды. Той берудің шығындарынан, мысалы неке қию рәсіміне кететін шығынның көптігінен, қалыңдық пен күйеу жігіт киімдерінің қымбаттығынан, жас жұбайларға сый-сияпаттың, құдаларға кәдесый ауыртпалықтарынан үйлене алмай жүргендер қаншама десеңізші! Әрине, екі құда жақ келісіп той жасап, балаларын үй қылып жүргендер де бар, сол жерде екі жақ бір-біріне кәдесыйларын ұсынады. Шынында да, танымал әншілерді шақырмай-ақ, үлкен дырду қылмай-ақ, лимузиндетпей-ақ той өткізуге болады. Бірақ мұның кейіннен шығатын «бірақтарын» айтып жеткізе алмайсың!
Жанымыздағы көрші тәжік бауырлардың президенті И.Рахмонов ысырапты тойларды шектеп, арнаулы заң қабылдапты. Онда тойға қатысатын қонақтардың санын, жас жұбайларды керекті жеріне апарып-әкелетін көліктердің қанша болу керектігін де атап көрсеткен, тіпті керек десең жаназа-садақаларда тартылатын ас мәзірін де келтіріпті. Соның арқасында халық жылына миллиард долларды үнемдейді екен деген сыбыс бар.
Әрине, бізде бұлай істеу қиындау шығар, бірақ талпыныс жасап көрген теріс болмаса керек. Даңғаза тойдың орнына жас жұбайларға мемлекет тарапынан материалдық жәрдем тағайындалып, тіпті оларға баспана берілсе, тойды да көп шығынсыз өткізу көзделсе, осы күнгі ушығып тұрған жас ерлі-зайыптылардың ажырасу мәселесі де келелі шешімін табар ма еді, бәлкім! Сосын қазақта «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» демекші, қалың мал мәселесі де бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған нәрсе. Кредитпен той өткізіліп, оның ауыртпалығы жас жұбайларға салық болған жерде, мұндай некенің де беріктігіне сенудің өзі қиын.
Қазір қазекеме бір нәрсені түсіну керек болып тұр – «әләуләйшіл» әнші-тамадаларға, мейрамхана салып байыған үстіне байып бара жатқан байшікештерге, өсімқор банктерге тапқан-таянғанын өткізгенше «көрпеге қарай көсілуі» қажет.
Қонақ сыйлаған қазақпыз десек те...
Қонақжайлық қазақтың қанында бар нәрсе. Ұлы Шыңғыс хан үйіне қонақ кіргізбегендерге сол кездегі ең қатаң жаза – өлім жазасын қолданған, себебі ассыз-сусыз жолаушы сайын дала төсінде аштан өлген кездері де болған. Ұлы қаған «Жосығында» көптің ішінде ешкіммен бөліспей тамақ ішуге тыйым салған. Танымайтын кісі де той үстіне түссе, той асынан тоя ішкен. Бұл тәртіп қазақ халқының ежелгі тапжылмас жоралғыларының бірі болған. Кеңес өкіметінің орнауымен барлық жерде мейрамханалар, асханалар пайда болды. Бірақ той-жиындарда осы күнге шейін кез келген кісі тойғанынша дәм татуға ықтиярлы.
Кеңес өкіметінің белгілі бір кезеңдерінде ауқатты жанұялар да қазіргідей дүрілдетіп той беріп, ата-бабасына ас бере алмайтын еді. Кафелер мен мейрамханаларға да қарапайым жұрт онша бара бермейтін. Оның есесіне кішігірім қалалар мен ауылдарда бір-біріне былай-ақ қонақ болып кету үрдіске айналған еді.
Ол дәуірде де өзі соқпа тамда отырса да ата-бабасына ақ қыш кірпіштен мазар салатын қазекемнің тосын мінездері көптеп кездесетін. Енді ол «әруақ разы болмай, тірі байымайдының» жөні де болса керек. Ата-бабасына ат шаптырып, көкпар тарттырып ас беру де осыдан. Кей жерлерде молдалар ағыл-тегіл қылып өткендерге садақа беруге тыйым да салды, себебі мейрамханаларда қазіргі қымбатшылық пен дағдарыста мұндай мерекелерді өткізу миллион-миллион жарым теңгеге шығып кеткелі қашан. Осындай шығындардан кейін кәсіпкер, табысты кісілер болмаса, қара халықтың байып кеткендері де некен-саяқ.
Ақшаң болса қалтаңда...
Қазақтың қалтасында ақша пайда болса, оны белгілі бір өсім табуға салуға, көпке пайдалы игілікті іске жұмсаудың орнына, қайтсем тезірек шашам деген ой басымырақ тұрады. Дақпыртты үйлену тойын жасау мен өлгеннің жаназасына елден ерек шығынданып, кафе, мейрамханаларда дастарқан жаю, садақа беру осы күні бәсекеге айналған түрі бар. Ал қалалар маңында пайда болған «өлілер қалашығындағы» зәулім мазарлардан көз тұнады. Баяғыда бір қарапайым құлпытаста «Әй, жолаушы, біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боларсыз!» деп жазылған екен дейді. Жақыныңа салынған зәулім мазар сол кісінің тіріліп келуіне септігін тигізсе бір сәрі ғой... Тек қана «Пәленше анасына, әлде әкесіне келіскен там салыпты» деп айтатын бір-екі көре алмас қана тіліне тиек етеді деп, ұшан-теңіз қаражатты желге шашып, қымбат-қымбат құрылыс материалдарын жұмсау – есті кісінің ісі емес-ау.
Әл-ауқатты еуропалық та қос қабатты коттеджде тұрмайды. Кіші литражды автокөлік мінеді. Артық ақшасын кепілдендірілген мемлекеттік акцияларды сатып алуға жұмсайды, балаларын оқытуға жаратады. Қала берсе ел көріп, жер таниды, қайырымдылық қорларына өткізеді.
Қазақ соңғы кезде өсімқор банкілерден несие (кейде екі-үш несие) алып той беріп, жаназа шығаратын әдет шығарды. Сосын ол қарызды жылдар бойы екі-үш үстемелеп төлеуге мәжбүр. Қазақ қонағына астындағы жалғыз атын сойып беретін болған болса, бүгінгі күні сол аттың өзін банктегі несиеге алатын болды.
Осылай той өткізіп, кейін несиесін банкілерге уақытылы қайтара алмай жүргендердің де дені қазақ! Жас жұбайлардың көпшілігі той өткен соң ажырасып кетсе де, әке-шешесі алған ақшаны банкке қайтаруға мәжбүр. Абайша айтқанда: «Өйтіп қазақ болғаныңа!».
Той өткізу оңай шаруа демейміз, ал ауылдағылардың табысы да көп емес. Той бергеннің орнына ақшаны пайдалы нәрсеге жұмсап, мысалы мал сатып алып, неге кәсібін дөңгелентіп отырмасқа? Жоқ, тойға сауады.
Тағы оқыңыздар: Сайын ауылында қос қария вагонда тұрып жатыр (ФОТО, ВИДЕО)Қазақтың тойлары түріктер мен қытайлықтардың кәсіптерін алға бастырып тұрғаны айдан анық нәрсе. Кәдесыйлар – шапандар, костюм-шалбарлар мен көйлектер Қытайдан, алтын-күміс бұйымдар – Түрік елінен, Ресейден, Қырғызстаннан, кілемдер де Түрік пен Иран асып келген дүниелер. Осы нәрселерді ешкім кимейді де, бір тойдан екінші тойға көшіп жүретіні де содан.
Жоғарыда қонақжайлық қазақтың қанында бар нәрсе дедік. Ерте кезде әдетке айналған, бірақ бүгінгі қазақтың бекерге мал шашуы халықтың экономикалық білімінің таяздығынан, сосын жалған ұятшылдықтың, дос-тумаластың алдында жерге қарамаудың ғана еншісіндегі нәрсе. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» демей ме мұндайда?
Қазақ жерін қоныстанғанына әлі жүз жыл толмаған, кезінде сонау Қиыр Шығыстан күшпен жер аударылған кәріс халқы жас жұбайларға бірінші кезекте пәтер сыйлайды, ал үйлену тойын бес балалы болғанда да өткізе береді екен. Ал олардың арасында ерлі-зайыптылардың ажырасуы өте сирек кездеседі деседі. Сіздің көзқарасыңыз қалай, көзі ашық оқырман?!
Жақсылық ТӨЛЕГЕНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі