Қарақия ауданының Құрметті азаматы, «Құрметті ҚР жер қойнауын барлаушысы» атағының иегері Тұрсынғали Көшенов пен саналы ғұмырын өңіріміздің медицина саласына арнаған Ханшайым Жүсіпованың шаңырақ көтергендеріне биыл 56 жыл. Соғыстан соң құлдырап қалған экономиканы дамытып, жер қойнынан қара алтынды іздестіру кезеңінде өмір сүрген жас отау иелері өмір жолдарында кездескен қиындықтарды татулық пен сүйіспеншілік күшімен жеңіп, әрдайым отбасы құндылығын жоғары қойған.
Маңғыстаулық алғашқы геолог-барлаушы, өткен ғасырдың 50-нші жылдары өңіріміз бойынша шетелдік жоғары оқу орнына түскен бірінші студент Тұрсынғали Көшенов 1934 жылы Форт-Шевченко қаласының маңындағы Тамшалы деген жерде өмірге келген. Балалық шағы мен жастық жылдарын Форт-Шевченко қаласында өткізген ол мектеп қабырғасында жүргенде сабақты жақсы оқып, белсенділігімен көзге түседі. Бірнеше рет комсомол хатшысы болады. Орта мектепті тәмамдағасын Форт-Шевченко аудандық халыққа білім беру бөлімінде, 1953 жылы қалалық ауруханада санақшы қызметтерін атқарады. Арман қанатында алға ұмтылған жас жігіт жоғары білім алу үшін теңіз асып, шет елге аттанады. 1954 жылы Бакудегі Әзірбайжанның М.Азазбеков атындағы индустриалдық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1959 жылы бітіріп шығады.
- Маңғыстау даласынан шығып, тілін, ділін білмейтін шет елге білім іздеп шыққан алғашқы түлек едім. 6 бала өсіріп тәрбиелеп отырған отбасымның жағдайы жақсы болған жоқ. Оқу орнынан озат оқуым үшін алған стипендияға күн көрдім. Сол жылдары жап-жаспын, қиындықты көп көрдім. Бірақ, бәріне төзіп, көнуіме тура келді. Ауыл мектебінің қарапайым есепшісі әкем «Өз күніңді өзің көр» деп жіберді. Студент кезімде жүк түсірдім, басқа да түрлі жұмыстар істедім. Туған үйімді, жерімді қанша сағынсам да, 5 жылда ауылға 1 рет қана келдім, - деп еске алады Тұрсынғали Көшенұлы.
1959 жылы әзірбайжандық оқу орнын тәмамдаған жас мұнайшы қазіргі Атырау облысы, Теңіз ауданы, Жанбай барлау-бұрғылауында бұрғышының көмекшісі, бұрғышы және бұрғышы-шебер болып еңбек жолын бастайды. Бірнеше терең ұңғы қазуға атсалысып, 1961 жылдан бастап Түбіжік, Қоянқала, Жетібай кен орындарында бұрғышы маман, аға инженер және өндірістік диспетчерлік қызметінің бастығы жұмыстарын атқарады.
- Жанбай жерінде жұмыс қиын болды. Бұл - масасы, сонасы, жыланы және балығы көп құмды жер екен. Қамыс үйлерде тұрдық. Түнде масаханада жатамыз, күндіз бет-аузымызға бетперде киеміз. Әйтпесе, жұмыс істеу мүмкін емес. Еш қиыншылықтарға қарамастан, алға ұмтылып, еңбекпен шыңдалдым. Мақсатым – қаражат жинап, отбасымның жағдайын түзеу болды. Ол уақытта еңбек етуден басқа ой болған жоқ. Таңның атысынан, күннің батысына дейін қауырт қызмет етіп, үш маусымда жұмыс жасадық. Жалақы да соған сай жоғары болды, -дейді ол.
Еңбек майданында шыңдалып, өзін тек жақсы маман ретінде көрсете білген Тұрсынғали Көшенұлы 1960 жылы медбике қыз Ханшайыммен бас қосып, шаңырақ көтереді. Жастайынан бір ауылда өсіп, бір-бірімен бірден түсінісе білген екі жас үлкен өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге көреді.
- Көңіл қалап, жүрегім ұнатып алған зайыбым Ханшайымды қандай кезде де қасымнан тастаған жоқпын. Жұмыс барысымен талай жерге көштік, тұрмыс қиындықтарын кештік. Бірақ, үнемі бірге жүрдік. Ешқашан дауыс көтеріп ұрысып көрген жоқпыз. Қандай сәтте де бір-бірімізге деген сыйластық пен сезімді жоғалтпауға тырыстық. Соның әсерінен болар, өмір жолдарында кезіккен кедергілер мен ауыртпашылықтарды жеңе білдік. Қазақта «Бақпасаң бала кетеді, қарамасаң қатын кетеді» деген сөз бар ғой. Мен де қазақтың бір азаматы ретінде өз отбасыма, әке-шешеме, ұл-қыздарыма үнемі қамқорлық көрсетіп, аялауға тырыстым. Мен үшін отбасым бәрінен жоғары тұрады,-дейді Т.Көшенұлы.
1986 жылдан Ералыда мұнай ұңғылары сынамалау және бекіту кеңсесінің бастығы болып, ұзақ жылдар осы салада абыройлы еңбек еткен геолог-барлаушының адал қызметі ескерусіз қалмайды. Жетібай, Өзен, Теңге, Үстірт, Өлі Қолтық, Бозашы, Кендірлі, Қарамандыбас, Нысан, Сазтөбе, Қаражанбас, Тасболат, Доңға, Жаңғыршы, Қаламқас кен орындарын ашуға атсалысқан Тұрсынғали Көшенұлының геологиядағы зор еңбегі үшін «ҚР-ның жер қойнауының Құрметті барлаушысы» атанып, «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, «ҚазКСР-нің 50 жылдығы», «Қазақ мұнайына 100 жыл», «Өзен кен орнына 40 жыл » кеуде белгілерімен марапатталған. Ол ҚР-ына еңбегі сіңген геолог-барлаушы, Қарақия ауданының құрметті азаматы, ҚР Президентінің Құрмет грамотасының иегері.
Маңғыстау өңірінің өз ұлдарының бірі, бүгінгі құрметті зейнеткер, 82 жастағы Тұрсынғали Көшеновтің отбасы бақыт бесігінде тербелуде. Ұл-қыздар ер жетіп, өмірден өз орындарын тапқан. Немере-жиендер жүгіріп ойнап, қос қарияның мейіріміне бөленіп жүр. Дегенмен, Тұрсыкең қазақтың жас ұрпағының келешегіне алаңдайды.
- Бүгінгі нарық заманын сылтауратып, қазақ отбасыларында бала тәрбиесі нашарлап кетті ме деп уайымдаймын. Ана біткен бесік тербетуден гөрі, қаражат табудың соңында жүр. Өкінішке орай, кейбір ер азаматтар өз аттарына лайық іс атқарып, отбасын өз қолында ұстап отырған жоқ. Таяуда 12 жастағы қыз баланың жүкті болып қалғаны туралы әңгіме елге тарады. Жағамды ұстадым. Балалар бағусыз. Әйел қараусыз. Тәртіп жоқ. Ата-ана жұмыста. Сәбилерге берілетін жәрдемақы мардымсыз. Содан шығар, аналар бала бағудың орнына, далада жүр. Қайда барамыз? Жас ұрпақтың ертеңі қандай болмақ? Осындай ойларға берілсем, ұйықтай алмай шығамын. Қалай ел боламыз? - дейді ол.
Бала тәрбиесін қолға алу ертеңге қалдыруға болмайтын өзекті мәселе. Оған бей-жай қарау –қазақтың болашағына деген жауапсыздық. Ал, еңбек етуден ешқашан ерінуге болмайды. «Сонда ғана елдің болашағы жарқын болады» деп санайтын Тұрсынғали Көшенұлы сексеннің сеңгірінде де еңбектен қол үзген емес. Үйдің айналасын әдемі гүлдермен көмкеріп, көкіністер мен жеміс-жидек егуді көптен қолға алған. Бос уақытын егінді баптап, күтуге арнайтын оның отбасы жаз мезгілінде базардан көкініс сатып алмайды.