Өңірде 4573 түлек үлкен өмірге қанат қағып, жарқын болашаққа, өмірдің жаңа белесіне жолдама алды. Оның ішінде Ақтау қаласындағы мектептерді 1249, №16 мектепті 91 оқушы аяқтады. Аталмыш мектепте өткен соңғы қоңырау салтанатына ҚР білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева арнайы қатысып, бойларын асқақ рух кернеген, ертеңгі күнге асыққан арманшыл жастарды мерекемен құттықтады.
- Бүгін еліміз бойынша 127 мыңнан астам түлектер мектеп бітіруде. Оның ішінде көрсеткіші жағынан жоғары маңғыстаулық оқушылар да бар. Облыс әкімдігінің білім басқармаларымен жақсы жұмыс жасауының нәтижесінде өңірде үш аусымда оқитын, апатты мектептер қатары жойылды. Бүгін Маңғыстау облысына іс-сапарымның аясында өзім білім алған, осыдан 27 жыл бұрын бітірген мектебіме келіп, сыныптастарыммен кездесіп, қуанып қалдым. Мені білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берген ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Барлық түлектерге ақ жол тілеймін. «Білімді ұрпақ -ұлт болашағы», сондықтан да білім алудан, ізденуден жалықпаңдар дегім келеді, - деді өз сөзінде ҚР білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
№16 мектептің директоры Берді Қазиевтің айтуынша, ірге тасы осыдан отыз жыл бұрын қаланған білім ордасында 2300 оқушы бар. Биыл 11-сыныпты 91 оқушы аяқтап, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында мектеп мақтаныштары «Алтын белгіге» үміткер Арайлым Нұрбаева, «Үздік атестат» иегері Дарья Лупинова, Аделя Қамбарова, география пәні бойынша республикалық ғылыми жобадан бірінші орынды және халықаралық ғылыми жобадан үшінші орынды иеленген Нұрсерік Бердіханов бар.
- Мектеп бітіріп отырған 91 оқушының 78-і ҰБТ-ға қатысады. Барлығының да дайындықтары жақсы. Бүгінгі таңда мектебімізде 200 мұғалім жұмыс жасайды, жоғары санаттысы-45. Айта кеткен жөн, 2010-2015 жылдар аралығында 31 оқушымыз грант иегері атанды,-дейді №16 мектептің директоры Берді Қазиев.
Салтанатты шарадан кейін ҚР білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева өзі білім алған мектебін аралап, сыныптастарымен кездесті. Мұнан кейін қаладағы «Сұлтан», «Жанель» жекеменшік балабақшаларының жұмысымен танысты. Түстен кейін қазақ-түрік лицейінде білім беру саласындағы өзгерістер туралы облыстың педагогтарымен, ата-аналарымен, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялармен өткен кездесуге қатысты.
Венера МИРЛАН,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ