©
Таңғы таза ауа, құстардың тамылжыған үні, күлімдеген көктемнің жұпар иісі мен ұшып-қонып жүрген қызылды-жасылды, сары көбелектер көңілді көтере түседі. Жаңаөзенде жақсы ауа-райымен басталған бұл күн барша оқушылар үшін ерекше болды. Өйткені, мектеп қабырғаларында биылғы оқу жылының аяқталғанын аңғарататын соңғы қоңырау соғылды.
Қаладағы №10 орта мектепте өткен салттанатты соңғы қоңырау шарасына қала әкімі Е.Әбілов, қалалық білім бөлімі басшысының м.а.Т. Жұмалиев қатысты. Салтанат барысында алдымен мемлекеттік ту көтеріліп, еліміздің Әнұраны орындалды. Одан соң қала басшысы құттықтау сөз сөйлеп, бітіруші түлектерге игі тілегін айтты, сәт сапар тіледі.
- Еліміздің қарқынды дамуы үшін біздің жас ұрпақ бойына терең білім мен саналы тәрбие керек екені даусыз. Сол себепті, бүгінгі таңда оқушылардың терең білім, өнегелі тәрбие алуы мен өмірге жан-жақты бейім болуы үшін жағдай жасалып жатыр. Білімді болу арқылы ғана ата- аналарыңның, ұстаздарыңның, жалпы қоғамның сенімін ақтай аласыздар, - деді қала әкімі өз сөзінде.
Келесі кезекте мектеп бітірушілерді мектеп директоры Бақыт Өмірзақова, мұғалімдер, ата-аналар құттықтады. Бірінші сынып оқушылары аға-апаларына өлеңдерін оқып, балалық ақ тілектерін арнады. Жиналғандарға мектеп өнерпаздары ән шырқады, әсем би сыйлады. Мектеп түлектері мектебіне, ұстаздарына алғысын білідіріп, ұжымшылдықпен ән айтты, мектеппен қоштасу вальсін орындады. Жиын қоңырау соғу рәсімімен аяқталды. Әуеде ақ көгершіндер мен батпырауықтар самғады.
- Алғаш рет білім ордасының табалдырығынан имене аттаған мерейлі сәтім, құшағы гүлге толып, бізді қуанышпен қарсы алған ұстаз келбеті, мектеп қабырғасында құрбы-құрдастарыммен қалжыңдасып, ауласында емін-еркін асыр салған кездерім көз алдымда сайрап тұр. Енді, бұл бейқам күндер қайталанбасы анық. Осы естеліктермен мектептегі оқушылық кезең аяқталды, ең үлкен өмiр мектебiне шығарып салатын соңғы қоңырау соғылды. Мерекеде ұшырған алтын ұя мектебіме, білім нәрімен сусындатқан кеңпейіл ұстаздарыма 2016 жылғы жас түлектердің атынан алғыс айтамын, - деді, мектеп бітіруші Еркебұлан Сатыбалды.
Биыл аталмыш мектепті 57 оқушы аяқтап жатыр. Оның 50-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Жалпы, қалада маусымның 3 мен 5-і аралығында өтетін ҰБТ-ға 18 мектептен 742 мектеп бітіруші қатысады. Түлектерге сәт-сапар!!!
Жазира АҚБЕРГЕНОВА