2016 жыл яғни, мешін жылы заң саласы үшін құтты жыл болды десем артық болмас. Оған дәлел де жоқ емес. Жыл бастала салысымен, 59 заң күшіне енді. Оның қатарында Азаматтық процестік кодексте бар. Аз уақыттың ішінде еліміздегі соттардың барлығы жаңа кодекспен жұмыс жасауды бастап кетті.
Мешін жылының тағы бір тың жаңалығы бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігіне көшкенімізде. Бірінші саты аудандық соттар болса, апелляциялық саты облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы Сот Кассациялық сатының Елордада орналасуы шалғай ауыл-аймақтағы халықтың барып-келуіне қиындық тудыруы әбден мүмкін. Дегенмен үш сатылы сот жүйесіне көшу «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, аяқ-асты ойдан шығарылған нәрсе емес. Оның үстіне, үш сатылы сот жүйесі халықаралық тәжірие өз тиімділігін дәлелдеп берген үрдіс. Әлемдік сот тәжірибесі көрсеткендей, аралық сатылардың көп болуы сот процестерін қасақана ұзартуға және сот актілерінің «сиырқұйымшақтануына» ықпал етеді екен. Бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігіне көшу халықтың уақытын үнемдеп, апелляциялық сатының рөлі күшейте түспек. Апелляциялық саты істерді үш судьядан тұратын алқалық құраммен қарайды. Бұл дегеніңіз барлық істер апелляцияда алқалық құраммен қаралады деген сөз емес. Әрине, қысқыртылған тәртіптегі, қылмыстық теріс қылық бойынша, онша ауыр емес қылмыстар және сот үкімін орындау мәселелеріне қатысты істерді судьялар бұрынғысынша жеке-жеке қарау мүмкіндігіне ие. Ал қалған қылмыстық істер міндетті түрде судьялардың алқалық құрамымен қаралады. Сот сатыларын азайтудағы басты мақсат-халықтың әуре-сарсаңға түсуіне жол бермей, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз етіп, сот әділдігі мен сапасын арттыру.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындаудың тәжірибелік кезеңіне қадам басқанымызға санаулы уақыт өткеніне карамастан, нәтижелі істерге қол жеткізіп үлгердік. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жасасақ, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі жаңа реформаларды қабылдау, сот жүйесін жаңа деңгейге көтерудегі оң бастамалардың барлығы халық игілігі үшін жасалуда. Сондықтан сот жүйесін реформалау дамыған 30 озық елдің қатарына енудегі қадамдардың бірі болмақ.
Назгүл Самендирова
Ақтау қаласының мамандандырылған
әкімшілік соты кеңсе меңгерушісінің м.а.