©
Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында Маңғыстау облыстық Экология департаменті басшысы Абай Әнуарұлының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
«Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің негізгі міндеті, бақылау-инспекциялық қызметі жобаларға мемлекеттік экологиялық сараптама жасау, табиғат пайдаланушыларға қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру, қоршаған ортаның құрамдас бөліктеріне зертханалық талдау-бақылау жүргізу болып табылады. Департамент қауіпті қалдықтардың паспортын тіркеу, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру бағытында қызмет етеді. Сондай-ақ экологиялық заңнамалардың сақталуы, табиғат қорғау шараларының орындалуына, табиғат пайдаланушылардың жағдайларына және тәртіп бұзушылылықтарды түзетуге берген ескерпелерді орындауына бақылау жасайды»,-дейді А.Сафин.
2015 жылы экологиялық заңнамаларды сақтау бойынша барлығы 83 шаруашылық жүргізуші субьектілер тексерілді. Нәтижесінде 98 заң бұзушылық анықталып, олқылықты жою үшін 87 ескертпе берілген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 122 іс қозғалған.
Жердің «тарихи» әрі өнеркәсіптік, тұрмыстық және басқа қалдықтармен ластануы өңірдің негізгі экологиялық мәселесіне айналды. Бұл табиғаттағы заттар айналымына кері әсерін тигізеді. Мұнай ұңғымаларын бұрғылау барысында бөлінетін зиянды ертінділер, улы заттар мен химиялық реагенттер топырақ қабатының тозуына тікелей ықпал етеді. Бүгінгі таңда облыс аумағында бірнеше «тарихи» ластану көздері бар. Олардың бәрі дерлік кеңестік кезең тұсында тасада қалған төгінділер мен қоқыс-қалдық үйіндісі. 2015 жылы экология департаменті жергілікті атқару органдарымен бірге ластанған жер телімдері мен өндірістік қалдықтарды республикалық меншікке беру жөнінде жұмыстар атқарды.
Өңірдегі ең ірі экологиялық проблеманың бірі құрамында уран қалдығы мол «Қошқар-Ата» өндірістік химиялық қалдықтар қоймасы. Қойма Каспий теңізінен 7-8, облыс орталығы Ақтау қаласынан 3-4 шақырым жерде орналасқан. Қоймаға 105 млн. тоннадан астам уытты қалдықтардың шөгіндісі көмілген. Радиобелсенді қалдықтар үлесі 52 млн. тоннаны құрайды. Жасанды көл суының кебуі салдарынан құрғап қалған жер аумағынан жел арқылы ұшырылған шаң, аэрозолды бөлшектердің атмосфераға тарау қаупі алаңдатады. Көл көлемін тұрақтандыру мақсатында жыл сайын Ақтау қаласындағы кәріздік-тазарту қондырғысынан 8,4 млн. текше метр зарарсыздандырылған су «Қошқар-Ата» көліне ағызылады. Сонымен қоса, қойма аумағының оңтүстік бөлігінде жалпы алаңы 7,5 га құрайтын орманды жасыл алқап жасау жобасы қолға алынған. Залалды қойма мәселесін шешу мақсатында жетекші ғалымдармен бірлесе сан түрлі бағытта зерттеу жұмыстары жалғасуда. «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтірудің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген болатын. Қайта көмудің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткен соң, жүзеге асуға қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Сонымен қоса басқосуда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жою және көму мәселесі қозғалды. Маңғыстау ауданының Жыңғылды, Тұщықұдық, Шайыр ауылдарында, Қарақия ауданының Мұнайшы, Болашақ ауылдарында, Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында, Түпқараған ауданының Қызылөзен ауылында ҚТҚ көму полиганының құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме жасалынды. Жаңаөзен қаласындағы комбинат 2015 жылдың өзінде 5436 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеген.Өңдеу барысында полимерлік бұйымдардың алынады. Басқарма құрамында сынабы бар шамшырақтарды қайта өңдеу пилоттық жобасын жүзеге асырмақ. Осыған орай, қала аумағында 27 арнайы қоқыс контейнерлері орнатылды. Сонымен қоса, Жетібай, Шетпе, Өмірзақ, Боранқұл, Ақшұқыр, Болашақ ауылдарында өлген малды көметін орындар құрылысын қолға алу көзделген.
«Маңғыстау облысының Экология департаменті былтыр «ҚазАзот» ЖШС-нің бұрынғы «Күкірт қышқылы зауытына» тиесілі аумағына тексеру жүргізді. Тексеріс нәтижесінде зауыт аумағында күкірт және колчедан қалдықтары анықталды. Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу Басқармасының талабы бойынша «Күкірт қышқылы зауытының» аумағы республикалық меншікке өтіп, «Жасыл Даму» АҚ-ның теңгеріміне берілді»,-дейді Абай Әнуарұлы.
Кездесуде Жаңаөзен қаласы мұнайды айдау мен дайындау цехы маңындағы зиянды қалдықтар жайы журналистер назарынан тыс қалмады. 1974 жылы «Өзен-Атырау-Самара» құбыр желісінде орын алған апат нәтижесінде мұнай қамбасы пайда болған еді. Мұнай қамбасының бетінде қалыңдығы 1,5 метрлік мұнай қабаты орналасқан. Басқарма талабы бойынша сот шешіміне сәйкес «қалдықтар иесіз деп танылып, республикалық меншікке берілді».