©
26 мамыр Жаңаөзен қаласына ҚР-сы Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Эльмира Сұханбердиева келді. Жұмыс сапары аясында вице-министр алдымен Оқушылар шығармашылық үйінде білім саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев, қалалық білім бөлімі басшысының м.а.Тәттімбет Жұмалиев қатысты.
Сонымен, кездесуде қазіргі білім және ғылым жүйесі, бұл салаларды дамыту мақсатында жасалған реформалар мен олардың жүзеге асырылуы жөнінде мағлұмат берілді. Э.Сұханбердиеваның айтуынша, білім және ғылым жүйесінде жұмыс 2016-2019 жылдар аралығында 6 негізгі бөлім негізінде жүргізіледі. Олар индустриялық даму, үштілділікті енгізу, кезең-кезеңмен 12 жылдық оқытуға көшу, жеке меншік және жеке секторлар үшін бірдей жағдай жасау, білім беру ұйымдарының қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, ғылыми зерттеулерді ортақ қаржыландыру болып табылады. 12 жылдық білім беру жүйесіне қатысты жаңа оқу жылында балалар 1-сыныпқа 6 жастан баратын болады. Бес күндік оқу жүйесіне көшу де біртіндеп жүзеге асырылады. Үштілділік бойынша жаңартылған білім беру мазмұны бастауыш сыныптарда ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап кезең-кезеңімен енгізіледі. Орыс және ағылшын тілі бірінші сыныптан, коммуникативтік технология пәні үшінші сыныптан оқытылады, дүниетану пәнінің мазмұны өзгертіледі. Жаңартылған білім беру жүйесі негізгі сыныптарда (5-7) 2017 жылдың 1 қыркүйегінен басталады. Мұнда да, барлық пәндер оқыту тілінде, тек Қазақстан тарихы – қазақ тілінде, Дүние жүзі тарихы –орыс тілінде оқытылады. Ал, 2019-2020 оқу жылында жоғары сынып оқушылары ( 10-11 сыныптар) физика, химия, биология, ақпараттық коммуникативтік технология пәндерін ағылшын тілінде, Қазақстан тарихын – қазақ тілінде, Дүние жүзі тарихын –орыс тілінде оқиды. – Білім беру жүйесіндегі реформалар негізінде мұғалімдерді даярлау жұмыстары қазірден басталып кетті. Білім ордасы, оқытушылар әбден дайын болғанда, білім берудің жаңа жүйесімен жұмыс жасайды, - дейді, вице-министр. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап ҰБТ-дан өтпей қалған түлек, екінші мәрте ақылы тест тапсыра алады. Одан да өтпей қалса, ЖОО-ға шартты түрде қабылданады. Бірінші оқу жылының жартысында қайта сынақ тапсырып, шектік баллды жинаса оқуын жалғастырады. Мектеп бітірген соң ешқандай оқу орынына түспегендер 2017 жылдан бастап жұмысшы мамандығын алатын болады.
Эльмира Сұханбердиеваның баяндамасынан соң қатысушылар тақырыпқа қатысты сауалдарын қойды, ұсыныстарын жеткізді. Жиын барысында, дуалдық білім беру мәселесі де айтылды.
Кездесуден соң вице-министр Рахат ауылында орналасқан бірнеше білім мекемелерін аралады. №9 орта мектептің, қазақ-түрік лицейі және «Толағай» балабақшасының қызметімен танысты.
Жазира Ақбергенова