Сәрсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев пен «Маңғыстау индустриалдық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Балтілеудің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында экономиканы әртараптандыруға бағытталған секторларға салмақты серпін беріп, ел игілігіне айналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының басымдықтары айтылды.
Екінші бесжылдықтың екпіні
Облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында облысымызға 122 млрд.теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,3%- ға артқан. Өзге өңірлермен салыстырғанда біздің облысымыз инвестиция тартудан 4 – орында тұр. –Жыл басынан бері аймағымызға Германиядан, АҚШ-тан, Франция, Әзірбайжан мемлекеттерінен елшілер келді. Жаңа жобаларын ұсынған шетелдіктер Маңғыстау өңірінің көлік-логистикалық мүмкіндігіне қызығушылық танытып отыр. Биыл инвесторларды тарту мақсатында аймақтық инвестициялық кеңес құрылды. Сондай-ақ инвесторларға арналған «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасайтын орталықтар іске қосылды. Құрық кентінде салынып жатқан 4 млн.тонна жүк тиеуге қауқарлы паром кешенінде астық, мұнай өнімдері, сұйытылған көмірсутекті газ, тыңайтқыштар, химиялық заттектер және басқа да өнімдер тасымалданады. Қазақстанның оңтүстік-батыстағы хабқа айналуына мүмкіндік беретін осы жобаның жүзеге асуына 16,4 млрд.теңге инвестиция салынды,-деді облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев. «Үдемелі индустриалды- инновациялық даму» бағдарламасының екінші бесжылдығында Индустрияландыру картасына құны 151,2 млрд.теңге болатын 27 жоба енген. Өндірісті өлкенің тынысын ашатын жарқын жобалар жүзеге асса, 2,4 мың жаңа жұмыс орыны ашылады. Облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 11 жоба өндірістің өрге домалауына дем беріп, 710 адам жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылдың аяғына дейін 73,2 млрд.теңгені құрайтын 10 жобаны іске қосу арқылы 1000- нан аса жұмыс орнын ашу жоспарланған. Келер жылы ел игілігін еселейтін, 500-ден аса адамды жұмыспен қамтитын 3 жобаны жүзеге асыру межеленген.
Теңіз портының тегеуріні
– Өткен жылы «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» арнайы экономикалық аймағында құны 38,3 млрд.теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, 300 жаңа жұмыс орны құрылды. Бүгінде порттағы №1 қосалқы аймақта инфрақұрылым құрылысы аяқталды. Мұндағы №2 және №4 қосалқы аймақта инженерлік инфрақұрылым құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. 2015 жылы «Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытқа кеңейту», «Азерсун» өндіріс және логистика орталығының және жоғары санатты газ бітегіш тұрбалар өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Бұл жобалар 2016 жылдың аяғына дейін іске қосылады,-деді облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев. Ағымдағы жылы «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АЭА-ға басқарудың жаңа үлгісін енгізу жұмыстары аяқталады. Теңіз қақпасының аумағында 2020 жылға дейін 1000-нан аса жұмыс орны ашылатын 11 жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазіргі таңда облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы өңіріміздің инвестициялық әлеуетін көрсететін бағдарламалар мен материалдар, инвесторларға арналған атлас дайындау үстінде. Айта кету керек, бүгінде шетелдік инвесторлар өңірімізде туризм, транспорт- логистика саласына инвестиция тартуға қызығушылық танытып отыр.
Өндіріске өріс кең
– «Бизнестің жол картасы-2020» ауылда кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету» бағдарламасының екінші бағыты аясында жұмыссыздарды кәсіпкерлік негіздерін тегін үйрету басталды. Стратегиялық және бизнес-жобалау, қаржы, маркетинг және сату, бизнес-процестерді басқару, адами ресурстар, салық және құқық, бизнес-жоспар жасау және қаржы ұйымдарының кәсіпкерлерге көрсететін қызметін қамтитын оқыту бағдарламасы аясында 70 адам білім алып шығады. Ауыл кәсіпкерлеріне пайызсыз несие беру бойынша «Бизнесті дамыту» жобасы қарқынды жүзеге асуда. Мәселен, өңірде мал шаруашылығын дамыту, наубайхана ашу, жиһаз салоны, киіз басу өндірісі, құс фабрикасын ашу сынды кәсіп түрін қолға алған 15 кәсіпкердің әрқайсысы 1,5 млн. теңгеден қаржылай көмек алды,-деді «Маңғыстау индустриалдық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Балтілеу. Оның айтуынша, Ақтау қаласында төмен вольтты электр моторлары мен генератор жинайтын және жөндейтін бірлескен кәсіпорын құрылып, отандық өнім Кеден Одағы елдеріне экспортталмақ. «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АЭА-да жоғары сапалы электротехникалық қондырғылар шығаратын өндіріс құру, электрэнергетика саласында инновациялық шешімдерді жылжыту мен дамыту, автоматизация және энергия қуатын үнемдеу мақсатында бірлескен қазақ-финдық кәсіпорын құру көзделген. Түркияның «Ant group &Asya Go» халықаралық корпорациясы өңірімізде крахмал шығаратын зауыт салуға қызығушылық танытқан. «Маңғыстау индустриалдық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Айдарбайұлының мәлімдеуінше, облысымызда құрылған «Маңғыстау» несиелік серіктестігі ауыл кәсіпкерлеріне ірі көлемде несие алуға көмектеседі.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ