Облыс орталығында жол қозғалысы жас инспекторларының слеті өтті. Оған аудандық, қалалық сайыстардан іріктеліп алынған 6 команда қатысып, бақтарын сынады. Слет бағдарламасына сәйкес жас ұландар жол-қауіпсіздік ережелерін дәріптеп, сақтыққа шақыратын үгіт бригадасының жұмысын көрсетіп, әскери тактика бойынша сап түзеп, тест арқылы білімдерін тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жас санитар қызметін атқарып, жас реттеушілік шеберлігінде бақтарын сынап, велосипедті мәнерлеп айдау үлгісін көрсетті.
Сайысқа қатысушылардың өнерін Маңғыстау облысының Ішкі істер департаменті мен білім басқармасының мамандарынан жасақталған қазылар алқасы бағалады.
- Жыл сайынғы ауқымды шара биыл Ақтаудағы қазақ-түрік лицейінің базасында ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат-жасөспірімдер мен жастар арасындағы жол апаты жарақатының алдын алу, оқушыларды жол апаттарынан сақтануға машықтандыру, алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрету. Сайысқа қатысушылардың жалпы саны 60 оқушыны құрайды. Қатысушы командалар арасында, Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан және Түпқараған, Бейнеу ауданынан келген командалар ерекше көзге түсті, - дейді қазылар алқасының мүшесі, Маңғыстау облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Гаухар Биялиева.
Сайысқа берекелі Бейнеу ауданына қарасты Есет ауылынан келген «Бағдаршам» командасы дайындықтарының жоғары деңгейде екенін айтады. Аталмыш команда бұған дейін республикалық сайыстарға қатысып, бақтарын сынап, мол тәжірибе жинақтаған. 2011 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық сайыста екінші орынды қанжығалап, облыс мерейін өсірген.
- Біз Бейнеуде өткен аудандық сайыстан бірінші орынды иеленіп, облысқа жолдама алдық. Жалпы аудандық сайысқа 18 команда қатысқан болатын. Бүгінгі облыстық кезеңге Бейнеу ауданының атынан 9 оқушыдан құралған «Бағдаршам» командасы қатысып отыр. Дайындықтарымыз жақсы, киім үлгіміз де өзгелерден ерекше. Сондықтан да Бейнеуден алған жүлделі орынымызды да осы сайыстан қанжығамызға байлаймыз деген ойдамын, -дейді «Бағдаршам» командасының жетекшісі Маржан Үсенқызы.
Сайыс қорытындысында Мұнайлы ауданынан келген жас инспекторлар бірінші орынды иеленді. Екінші орын Жаңаөзен қаласының командасына, үшінші орын Маңғыстау ауданының командасына бұйырды. Жеңімпаз команда 17-26 тамыз аралығында Алматыда өтетін республикалық сайысқа жолдама алды.
Венера МИРЛАН