Аймақта «Эндоурологиядағы трендтер мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық симпозиум аясында маңғыстаулық дәрігерлер білікті мамандардан шеберліктерін шыңдап, өзара тәжірибе алмасты. Ауқымды шараға Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Өскемен обылстары, Астана мен Алматы қалаларынан және Грузия, Әзірбайжан мемлекеттерінен келген хирург, уролог, онкоуролог дәрігерлер қатысты. Екі күнге жоспарланған басқосу барысында грузиялық білікті дәрігерлер «Sofie Med» клиникасында онлайн режимінде ота жасап, қазақстандық әріптестері үшін тәжірибелерімен бөлісті.
- Урология саласында науқастарға дәрiгерлiк жәрдем көрсету сапасын жақсарту үшiн бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз. Бұл басқосуымызға 70-тен астам дәрігер қатысуда, оның ішінде маңғыстаулық хирург, уроолог, онкоуролог дәрігер бар. Өңірімізде жаңадан ашылған «Sofie Med» клиникасы-бұл жоғарғы медициналық көмектің қолжетімді болуы үшін және заман талабына сай бағытында жұмысын бастағаны белгілі. Сол себептен де ол жерде еңбек ететін мамандар да білікті, жан-жақты, соңғы жаңалықтардан хабардар маман болуы тиіс. Ол үшін біз Баку, Тбилисиден мамандарды шақырып, шеберлік сабақтарын өткізіп тұрамыз. Соның бір парасы бүгінгі өтіп жатқан «Эндоурологиядағы трендтер мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы конференция, - деген шараны ұйымдастырушы, «Sofie Med» клиникасы аймақтық директорының міндетін атқарушы Мұрат Исаханов конференция барысында қатысушыларға жаңа заманауи эндоскопиялық құрал-жабдықтар таныстырылымы өтетінін жеткізді.
Сондай-ақ симпозиумға қатысушы білікті мамандар «Несеп тас ауруын емдеудің заманауи мүмкіншіліктері», «Грузияда лапароскопиялық урологияны дамытудағы ерекшеліктер», «Эндохирургиядағы Olympus жаңа технологиясы. Оны қалай дұрыс пайдалануға болады?», «RUSCH урологиялық өнімдерінің артықшылықтары» тақырыптарында дәріс оқыды.
- Бүгінгі конференция барысында онлайн режимінде көрсетілген ота бұған дейін тек шет мемлекеттерде жасалатын еді. Техника дамыған заманда мұндай оталарды елімізде де жасауға мүмкіншілік туып отырғаны бізді қуантады. Алаңдатарлық жайт-соңғы кездері елімізде урология бағытында науқастарымыздың қатары көбейіп келеді. Олардың басым көпшілігі жасы ұлғайған адамдар. 50 жастан асқан ер адамдарда қуықалды без ауруы көп кездеседі. Біз бүгінгі басқосуымызда осы ауруларды емдеу, оның алдын алу бағытында көптеген мағұлматтармен танысып, өзара пікір алмастық, -дейді профессор М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің урология кафедрасының меңгерушісі Олег Құрманғалиев.
Венера МИРЛАН