©
2017 жылдың 29 қазанына шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өткізу тағайындалған болатын. Соған байланысты сайлау комиссиялары күнтізбелік жоспарға сәйкес өз жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес 3 облыстық, 1 Жаңаөзен қалалық, 1 Қарақия аудандық және 1 Мұнайлы аудандық депутаттарының сайлаулары өткізіледі.
2017 жылдың 15 қыркүйегінде облыстық сайлау комиссиясы қалалық, аудандық, округтік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларымен семинар-кеңес өткізіп, сайлауға дайындық мәселелерін талқылады.
29 қыркүйекте мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды.
Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Есен Күмісқалидің айтуынша, барлығы 22 адам ұсынылып, олардың 3-еуі өз өтініштерін қайтып алған. Округтік сайлау комиссиялары ұсынылған 18 адамды депутаттыққа кандидат ретінде тіркеді, бір кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігі анықталып жатыр. Тіркелген 18 депутаттыққа кандидаттардың 12-сі өзін-өзі ұсынған болса, алтауы "Нұр Отан" партиясынан ұсынылды.
Тағы оқыңыздар: Сенат депутаттары Ақтау теңіз сауда портына келді (ФОТО)Кандидаттарды тіркеу 3 қазан күні аяқталады. Ал 4-27 қазан аралығында кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Аумақтық және округтік сайлау комиссиялары сайлауды дайындау және өткізу мерзімінде өз аумақтарында сайлау заңнамасының бұзылмауын қадағалайды. Бүгінде ешқандай заң бұзушылықтар тіркелмеген.
Дауыс беруге 10 күн қалған мерзімнен кешіктірілмей сайлаушылар дауыс берудің өтетін уақыты мен орны туралы хабардар етіледі.