Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.
(М.Мақатаев)
Бүгін - Халықаралық қарттар күні. 1990 жылғы 15 желтоқсанда бекітілген мереке содан бері жыл сайын атап өтіледі. Осыған орай Ақтаудағы №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Күләш Күмісбекқызынан қариялардың жағдайы, орталықтың жұмысы жайында сұраған едік.
-Күләш ханым, қайырлы күн. Мереке құтты болсын! Арнаулы орталықта бүгінде қанша қария тұрып жатыр?
-Қазіргі таңда №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 96 қызмет алушы бар. Оның 53-і ер кісі, қалғаны әйел адамдар. Сондай-ақ, әртүрлі ұлт өкілдері бар: қазақтар, орыстар, шешен, неміс, украиндар.
-Ал қазақтардың саны қанша?
-Шамамен 30 шақты. Орталықтың қызмет алушылары өмірдің әртүрлі қиын жағдайларына ұшыраған адамдар ғой. Бізге келуге мәжбүр болған. Тағы бір айта кететін жайт, үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап бізде жартылай күндізгі стационар ашылды. Онда 30 қария арнаулы әлеуметтік қызметтер алады. Яғни, массаж, емдік шаралар, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Олар таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін бізде болады.
-Олар мұнда тұрақты тұрып жатқан қарттардан бөлек қой?
-Иә, бөлек. Үйлерінен таңертең келіп, кешке қайтады. Ол кісілер көбіне қаланың жалғыз ілікті зейнеткерлері. Күні бойы үйінде отырғандықтан зерігеді. Мұнда келіп қарттармен әңгіме-дүкен құрады, теңіз жағасында серуендейді, дойбы, шахмат ойнайды.
-Мұндағы ата-әжелерімізге туыстары, балалары келіп тұра ма?
-Әрқайсысында әртүрлі жағдай ғой. Денсаулықтарына байланысты, 1,2, топ мүгедектері, арбаға таңылған, күнделікті күтім қажет жандар да бар. Бірінің балалары темір торда отыр. Кей қарттарымыз үй-күйсіз далада қалған.
[caption id="attachment_37643" align="aligncenter" width="412"] Ақтаудағы №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Күләш Күмісбекқызы[/caption]-Сіздерді орталыққа орналасу үшін қандай шарттарды орындау қажет?
-Тұруға ниетті қарттар болса, өздерінің жергілікті (қала, аудан) әлеуметтік қорғау бөлімдері бар. Сонда барып арызданады. Содан соң медициналық тексеруден өтеді және біздің орталыққа келу үшін психикалық ауытқулары болмауы керек. Ондай кісілерге арналған бөлек орталық бар. Бұл шарттарға сәйкес келсе, шешім шығарылып, жолдамамен осында келеді.
-Орталықтарыңызда қарттар қандай қызметтер қабылдайды?
-Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болғаннан кейін, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-құқықтық, медициналық. Арнаулы орталықта күндіз-түні дәрігерлеріміз, мейірбикелеріміз, психиаторларымыз қызмет етеді.
-Қарттардың көңіліне демеу болып, сый-сияпат әкеліп, көмек қолын созатындар көп пе?
-Әрине, әр мереке сайын мұндағы қарттарымызды ешкім ұмытпайды. Мысалы, студенттер, оқушылар, мемлекеттік мекемелердің өкілдері келіп, концерт өткізіп тұрады. Біздің қызмет алушыларымыз концерттік бағдарламаларымызды жақсы көреді. Одан бөлек қаланы аралатамыз, теңіз де жақын серуендеуге. Жалпы үнемі кез келген мерекеде барлығы біздің орталықты тыс қалдырмай, келіп, сый-құрметін көрсетеді.
-Отбасына қайта оралған қызмет алушылар болды ма?
-Ондай кісілер де болды. Мысалы, 1-2 жыл бұрын бізде мынадай оқиға болды. Біраз жыл бала-шағасымен араласпаған бір кісінің баласы Астанадан келіп алып кетті. Кезінде жолдасымен дәм-тұзы жараспай, бөлек кеткен екен. Бізде тұрып жатқанда солай баласымен қауышты. Одан соң денсаулығына байланысты өзі бізге келіп тұрған бір апай болған. Кейін оның осында екенін біліп , туыстары алып кетті.
-Әлеуметтік қызмет тұрғындарға тегін көрсетіле ме, әлде зейнетақыларына әсері бар ма?
-Норматив бойынша зейнетақыларынан 70 % ұсталады. 2016 жылға дейін зейнетақыларын толықтай алып келді, бірақ өткен жылы осындай өзгеріс енді. Оған дәрілік препараттары, медициналық қызметтер кіреді. Олар толығымен мемлекет қамқорлығында, сондықтан зейнетақысының минималды мөлшерін ала алады.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="37639,37532,37643,37642,37641,37640,37638"]