Бүгін Маңғыстау облыстық Білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірованың қатысуымен брифинг өтті. Онда басқарма басшысы білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар, жүргізілген шаралар және жаңа оқу жүйесі мен оқулық төңірегіндегі мәселелерге тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Облыс бойынша биылғы жылы оқушы саны 7578-ге артқан. Жаңа оқу жылына оқулық сатып алу, балаларды тасымалдау, олардың тамақтануы, «Мектепке жол» акциясы жүзеге асырылып, жазғы сауықтыру шаралары жүргізілген. Елімізде өткен айтулы саяси оқиға «Экспо-2017» көрмесін облысымыздың 14120 оқушысы тамашалаған.
Энергия үнемдейтін лампаларды қолдану арқылы энергия шығынын азайту мақсатында «Энергия үнемдеу» жобасы аясында 5 балабақша және 2 мектепте энергия көзін пайдалану 40%-ға үнемделген. Бұл жобаны Ақтау қаласының 24 мектебіне енгізу қолға алынған.
«Жасыл экономика» бағдарламасына байланысты өткен жылдан бастап жылыжайлар салу, іске қосу жұмыстары қолға алынып, облыста 7 мектептің жанынан жылыжайлар ашылған.
- Осы жазда жылыжайлардың алғашқы өнімдерін тұтыну мүмкіндігіне ие болдық. Жаз бойы балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп жанындағы лагерь демалушылары көкөністермен қамтамасыз етілді. Сондықтан бұл жобаны биылғы жылы да қолға алмақпыз. Түскен өнімдер балалардың жазғы сауықтыру жұмыстарына қолданылады. Биылғы оқу жылында 5 білім беру ұйымы жанынан жылыжай салу жоспарланды, - дейді Зейнеп Тастемірова.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Көрнекі сурет gorsun.org.ru сайтынан алынды