UFC танымал комментаторы Джо Роган Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің кездесуі жайлы:
-Бұл нағыз тартысты жекпе-жек болғалы тұр. Геннадий – жеңілмейтін спортшы, Альваресті де одан әлсіз демес едім. Екеуі де нағыз бабында. Жұдырықтасатын күнді асыға күтудемін. Менің ойымша, бұл кездесу – бокстағы ең үлкен бәстесуге негіз болмақ, - деген екен.
Роганның айтқаны дәлме-дәл келгенін бәріміз аңғарғандаймыз. «Тартысты кездесу» емес, «Ең үлкен бәстесу» деген тіркесінің астын сызып оқыған жөн секілді.
Жекпе-жек бірнеше ерекшелігімен көзге түсті:
-Күтпеген нәтиже: теңбе-тең түсу!
-Екіге жарылған жанкүйерлер пікірі.
-Конелоға «бүйрегі бұрған» төреші, тағысын тағы...
Ал жанкүйерлер қалтасының қағылып, қаржысының желге ұшқаны ше? Оны да бұл тізімге қосқанымыз дұрыс болар.
Кешеден бері желіде кең тараған чектің суреттері осылай деуге негіз болып отыр.
CG Technology компаниясының мәліметінше, Головкиннің жеңісіне тігілген бәстің құны $50 000 и $75 000 жеткен. Бұл Флойд Мэйвезер мен Конор Макгрегордың жекпе-жегінен кейін 27 тамыз күні тіркелген. Ал 28 тамыз күні Конелоға $32 300 қаржы тігілген.
Сарапшы мамандар кездесу алдындағы болжамдары бойынша, жеңіс қазақстандықта болады деп топшылаған.
Әлеуметтік желілерде «жекпе-жекте «Олимп» жеңіске жетті» деген әзіл-шыны аралас пікірлер де таралды. Оның да жаны бар секілді.
Себебі сүйікті боксшысы жеңеді деп сенген жанкүйерлер миллиондаған қаржыларын букмекерлік клубтарға санап берген.
«Осынша ақшаны пайдалы дүниеге жаратса ғой» деген пікір туындауы мүмкін. Ал келесі бір жанкүйердің 20 миллион теңге қаржысын құрбан еткенін естігенде қандай ойда болар едіңіз? Егер оның болжамы дәл келгенде өз ақшасын 13 400 теңгеге арттырып алатын еді. Амал не? Осынша қаржы бас-аяғы 1-2 сағатта көзден бұлбұл ұшты.
Бір қызығы, букмекерлік орталықтар мәліметінше, Генаға қарағанда Альварес жеңеді деген болжамдар қатары басым болыпты. Көпшілік тең нәтижемен аяқталарын күтпеген де.
Айта кетейік, Головкин жекпе-жектерінде бұған дейін мұндай бәс тігу көрсеткіші тіркелмеген.
Бәрі бірдей қаржысынан қағылды деуден де аулақпыз, өйткені бұл жекпе-жектің арқасында қалтасын қалыңдатқандар да бар. Оған 200 000 теңге тігіп, оны 5 200 000 етіп қайтарған жанкүйердің мына чегі дәлел.
Ал жекпе-жек үшін өз көлігін құрбан еткен қарағандылық жігіт жайлы да естіген боларсыз. Ол Mercedes маркалы автомобилін 7,5 миллион теңгеге бағалап, бар қаржысын бәске қойған. Ол осы әрекеті арқылы нағыз патриот екенін сөзбен емес, іспен дәлелдеуді көздепті.
https://www.youtube.com/watch?v=sf-4QjGkGdEЖалпы мұндай жайттар қатары біршама. Оны бірі «фонаттардың нағыз адал әрекеті» деп бағалап жатса, бірі «ессіздікке» теңеп, сөкті. Ал неге қазақтың атын әйгілеп, абыройын биіктеткен Генаға деген жанкүйерлердің сый-құрметінің, алғысының белгісі деп қарамасқа? Өздері халықаралық аренаға шықпаса да, шаршы алаңдағы отанымыздың өкіліне қолдау көрсетушілер қарасы көбейіп келеді. Бастысы «бәс тігемін» деп, «бас тігіп» жібермесе болғаны...
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА