Оралда Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған дзюдо күресінен ерлер мен әйелдер арасында VІІ халықаралық турнир мәресіне жетті. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 250 спортшы қатысты. Олардың арасында маңғыстаулық балуан, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің шәкірті Сұңғат Жұбатқан да бар. Мықтылар бас қосқан бәсекеде жерлесіміз күміс медальді иеленіп, түбекке жеңіспен оралды.
Боз кілемге 66 салмақта белдесуге шыққан Сұңғат астаналық, қызылордалық, атыраулық балуандардың жауырынын жер иіскетіп, ақтық сынға жолдама алды. Финалда қызылордалық балуанға жол беріп, күміс медальді иеленді. Балуанды жарысқа облысқа белгілі бапкер-Жомарт Қобланов дайындады.
- Биылғы жыл біз үшін табыстарға толы жыл болды. Сұңғат-мамыр айының басында Сатпаев қаласында академик Қ. Сәтпаевты еске алуға арналған дзюдо күресінен халықаралық турнирде алтыннан алқа тақты. Одан бөлек, қаламызда өткен дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирінде чемпион атанды. Ал, бұл жолғы жарыста күміс медальді иеленді. Оның өзін үлкен жетістік деп бағалаған болар едім. Енді шәкіртімді қазан айында Румынияда өтетін Әлем чемпионаты күтіп тұр, - дейді Жомарт Қобланов.
Венера МИРЛАН