Келісіп пішкен тон, келте болмас!
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жер туралы» заңға енгізілген соңғы түзетулерге мораторий жариялау шешімін өз басым жылы қабылдадым. Өйткені осы бір-екі айдың ішінде жер мәселесіне қатысты халық арасында алыпқашты әңгімеге жел беріліп, алаңдаушылық туған болатын. Осы негізде мемлекет басшысы дер кезінде шешім қабылдап, үнқатысу алаңын құруды тапсырды. Бүкіл қоғам мүдделерін ескере жер заңнамасын жетілдіруге жұмыс жасайтын комиссия өткен аптада алғашқы отырысын өткізді. Ол отырысты барлығымыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп, көріп, оқып отырмыз. Ел аманатын арқалаған елжанды азаматтар пікірлерін білдіріп жатты, бір-біріне қарсылық танытып, айтысқандар да болды. Сол себепті, бірнеше ой айтылып жатырған комиссия жұмысына халықтың сенімі керек. Оның құрамына енген қоғамдық ұйымдар, бастамашыл топтар және қарапайым азаматтар халық мүддесі мен ел экономикасына бірдей ұтымды шешім қабылдайды деп ойлаймын.
Өсербай Табыншаев №18 орта мектеп директоры Жаңаөзен қаласы
Әлеуметтік экономиканың ырғақты өсуі маңызды
Ауыл шаруашылығы жерлерінің игерілуі ел экономикасы, әрі халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпалы зор деп білемін. Сондықтан, Үкімет жанынан құрылған комиссия жер мәселесі бойынша бірегей көзқарас қалыптастыруда қоғам дамуының көкейкесті мәселелеріне назар аударуы қажет. Мысалы, біздің қаламызға ауылшаруашылық өнімдерінің көп бөлігі шеттен тасымалданады. Ал, ол өнімнің бағасы сату орындарында арзан болмасы анық. Қымбатшылықты жалақысы аз қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Бұл мәселеден жерді игеру, одан өнім шығару арқылы ғана шыға аламыз. Егер, халық ауылшарушылығы жерлерін жеке меншігіне алып, тиімді пайдаланса ұрпағына жалғастырып, қазақтың әр қадақ жерін тозбауына септігін тигізер еді. Сондай-ақ, бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырған жұмыссыздық проблемасын шешуде оң қадам болмақ.
Саламат Бекназаров Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының директорының м.а.
Комиссия жұмысына сенім артамын
Жер мәселісіне қатысты алаңдап отырған халық Елбасының оңды шешімінен кейін аптығын басты. Уәкілетті органдардың заңды дұрыс түсіндірмеуі салдарынан, жерге қатысты басқаша сипат алған Жер кодексіндегі төрт нормаға мораторий жарияланып, қоғамның мәселесін бір¬лескен талқылау жолмен шешетін арнайы комиссия құрылды. Әр сенбі сайын тұрақты өткізілетін комиссия жұмысына өз басым сенім артып отырмын. Өйткені, комиссия құрамы сыңаржақ емес, сындарлы пікір білдірумен және заңды талқылаумен елдің аграрлық секторының дамуына халықтың әл-ауқатының жақсаруын ынталандыруға жағдай жасай алады. Комиссия құрамындағы агрономдар, мал өсірушілер, саясаттанушылар мен журналистер, тарихшылар, депутаттар айтарлықтай салмақты үлестерін қосады деп білем.
Райыс Мұқашева «Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрайымы