Жаңаөзенде үшем дүниеге келді. Жаңылхан Айтуова сәбилерін облысымыздағы перинаталдық орталықта 16 тамыз күні босанып, аяқ-қолын аман- есен бауырына алды.
Қазір үшемдер мен ананың жағдайы жақсы. Бұдан бұрын да балалары бар Айтуовтар отбасы бірден көп балалы жанұя атанды. Үшемге Мұхаммед-Әли, Әбдурахман және Әзима деген есімдер берілген. Дүние есігін енді ашқан шақалақтарды отбасының үлкендері перзентханадан 29 тамыз күні шығарып алған. Жүктіліктің 34 аптасында дүниеге келген үшемнің әрқайсысының салмағы 2,2 келі. Қала тұрғындары әлеуметтік желіде үшемнің ЭКО әдісі арқылы дүниеге келген деп талқылауда. Алайда Жаңылхан Айтуова балаларға табиғи жолмен аяғы ауырлағанын айтады. Жағымды жаңалықты естіген қала әкімі үшемнің ата-анасын құттықтап, дендеріне саулық тіледі. Әкімшілік тарапынан үшемнің әрқайсысына бесік арба сыйланып, қаржылай көмек көрсетілді.
– Қала әкімі мен бірқатар бөлім басшыларына біздің отбасымызды құттықтап келіп жатқанына алғыс айтқымыз келеді. Балаларымызға ақ тілектерін арнап, сыйлықтарын ұсынғанынан қала басшылығының жұршылықпен байланысының мығым екендігін байқадық. Нақысбек шешен кезінде «Елдегіні ерге береді, ерге бергенде терге береді» – демеп пе еді? Бұл дегенің сүйенішің күшті болса, сүйек жұтсаң да қақалмайсың деген сөз ғой. Ал халықтың негізгі сүйеніш, тіреуіші – елім деп соққан адал жүрек иелері. Осылайша, елдің елдігі ерінен болады деп кесіп айтуға да болар еді. Айта кетер бір жайт, осыған дейін еліміздің кейбір аймақтарында дүниеге келген үшемдердің отбасына үй берілген деген хабарды құлағымыз шалған болатын. Бізге де үй берілуі қажет деп әлеуметтік желіде қала тұрғындары пікір білдіріп жатыр. Алайда әкімшілік тарапынан қазіргі тұрып жатқан үйіміздің алаңын үлкейтіп, басқа шағынаудандардағы көп бөлмелі пәтерлерге ауыстырып берсе деген тілегіміз бар, – дейді үшемнің анасы.
Бұл тілекке әкімшілік тарапынан барған мамандар көп балалы отбасы ретінде тұрғын үй қорынан үй алуға тіркелу керектігін айтты.
Бүгінгі таңда қалалық перзентханада 2775 бала өмірге келсе, 34-і егіздер. Ел демографиясына үлес қосып жатырған ата-аналар, өмір есігін ашқан балалар аман болсын.
Әсел Қойшыбаева