©
Дәл осындай тақырыпта бүгін облыс орталығындағы «Хан Шахар» салтанат сарайында «Мәңгілік ел жастары-индустрияға»-«Серпін» әлеуметтік жобасына қатысушы жастардың республикалық форумы басталды. Оған еліміздің әр өңірінде білім алып жатқан 350 жас қатысып, өзара пікір алмасты. Жоба бойынша атқарылып жатқан игі істерді сөз етіп, Серпіннің жастарға беретін серпілісі жөнінде өз ойларын ортаға салды.
- Форумды ұйымдастырудағы басты мақсат-«Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша білім алып жатқан жастардың арасында байланыс орнату, өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау, жаңа идеяларына қолдау көрсету. Одан бөлек 18-29 жас аралығындағы жастарға «Серпін» жобасы бойынша 2018-2019 оқу жылының білім грантына түсу жолдарын, бағдарламаның маңыздылығын, артықшылықтарын түсіндіру. Сонымен қатар үш күндік бағдарламаға аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес Маңғыстау облысының тарихын, мәдениетін, әдебиетін, әдет-ғұрпын таныстырамыз. Бүгінгі форум барысында еліміздің өзге өңірлерінде білім алып жатқан студенттер облыстағы колледж, жоғары сынып оқушыларына өздерінің оқу орындары жөнінде түсінік береді, «Серпін» бағдарламасымен оқу бағытында қандай мүмкіндіктерге ие болатындығы жөнінде мәліметпен бөлісіп, жан-жақты түсіндіретін болады. Жалпы «Серпін» бағдарламасы облысымызда 2014 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында 1000-нан астам студент білім алып жатыр. Былтыр аталған бағдарлама бойынша біздің облыстан 158 бала жоғары оқу орындарына тапсырған болса, биылғы көрсеткіш-445. Яғни, бала санын 3 есеге дейін көбейттік,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова.
«Серпін» әлеуметтік жобасы Елбасының Мәңгілік ел идеясының шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл-білікті мамандар даярлаумен қатар, жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін жасалған өңіршең жоба. Жоба аясында 2017-2018 оқу жылында 4513 грант бөлініп, оның 3793-і жоғары оқу орындарына және 720-сы колледждерге берілген. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан гранттар педагогика, техникалық ғылымдар, ауыл шаруашылығы, ветеринария, медицина мамандықтары бойынша қарастырылған. Жоба бойынша елімізде 2015 жылы-23 студент, 2016 жылы-125 студент, 2017 жылы-1007 студент колледж бітірген. Облыста аталған жоба бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде биылғы оқу жылында 1053 түлек мемлекеттік білім беру грантына ие болса, оның 500-ге жуығы аталған бағдарлама бойынша білім алуға ниеттенген. Бағдарламаның шарапатын көргендердің қатарында ақтаулық ару Әлима Орынбай да бар. Болашақ маман бүгінде Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде білім алып жатыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Ресей Әскери-теңіз күштері арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында
- «Серпін» бағдарламасы жөнінде 2015 жылы естіп, ата-анама осы бағдарлама бойынша білім алғым келетінін айттым. Менің таңдауыма үйдегілер қолдау білдірді. Сол жылы Маңғыстаудан 30 жас Қарағанды қаласына білім алуға аттандық. Болашақ-стандарттау, сертификаттау және метрология маманымын. Бағдарлама аясында жатақханамен қамтамасыз етті, оқуым тегін және ай сайын 20 мың теңге алатын шәкіртақымыз бар. Бұл мемлекеттің жастарға жасап жатқан үлкен қолдауы және көмегі деп білемін. Қарағандының халқы, әсіресе қыс мезгілінде ауа-райы қатты ұнайды. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін екі жыл Қарағанды қаласында еңбек етуді жоспарлап отырмын. Кейін туған жеріме оралып, жұмыс жасауым да мүмкін,-дейді Әлима Орынбай.
Форум аясында серпіндіктер үшін теңіз жағалауында орналасқан «Балдәурен» демалыс орталығында психологиялық тренингтер, спорттық шаралар мен көңіл көтеру бағдарламалары да ұйымдастырылмақ.
Венера МИРЛАН