©
Маңғыстаулық балуан, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Айболат Мұратұлы самбодан Азия чемпионы атанды. Бұл жолы самбодан Азия чемпионаты Тәжікстан мемлекетінде өтті. Оған тоғыз мемлекеттің 122 балуаны қатысып, боз кілемнің көркін қыздырды.
Жерлесіміз Айболат алғашқы кездесуін ауғанстандық балуанмен өткізді. Қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды. Екінші қарсыласы ирандық балуанды «аяқ ауырту» тәсілімен жеңіп, шешуші кезеңге өтті. Бұл жолы өзбекстандық балуанды 2:1 есебімен жолынан тайдырды. Финалдық кездесуде тәжікстандық Моходеддола Комадовты айқын басымдылықпен жеңіп, мықтылығын дәлелдеді. Осылайша, самбодан Азия чемпионы атанды.
-Қарсыластарымның барлығын тізе бүктіріп, жарыс жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын. Тәжікстан мемлекетінде өтіп жатқан жарыс болғандықтан финальдық кездесу қалай өтеді деп уайымдағаным рас. Алайда мықты дайындығымның арқасында тәжікстандық балуанды айқын басымдылықпен жеңдім. Маған жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қ. Дәлбековке, облыстық спорт басқармасына, белгілі бапкер, спорт жанашыры М. Бисекеновке алғыс айтамын,-дейді Айболат Мұратұлы.
Венера МИРЛАН