©
Тамыз айы жаңаөзендік Жаңылхан Айтуованың отбасы үшін үлкен қуанышпен басталды. 35 жасар келіншектің отбасы екі ұл және бір қызбен толықты. Жас ана мен үшемді облыстық перинаталдық орталықтан шығарып алу рәсіміне отағасы мен ағайындары арнайы келді.
-Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өмірге үшемді дүниеге әкелетінім ақпан айында белгілі болды. Ультрадыбысты тексеру жүктіліктің 7-8 аптасында 20 ақпан күні мұнайшылар қаласында жасалды. Бастапқыда сене қойған жоқ, алайда дәрігерлер экран арқылы балалардың соғып тұрған үш жүрегін көрсеткенде қатты қуанғаным рас. Уақытында тіркеуге тұрдым. Жүктілік кезеңі бірқалыпты өтті. Жүктіліктің 33-інші аптасында перинаталдық орталыққа түстім. Аман-есен қол-аяғымды бауырыма алуыма септігін тигізген алдымен Жаратқан иеме, барлық ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Енді балаларымызды иман жолымен тәрбиелеп, жолдасым екеуміз адал сүт емген ұрпақ етіп өсіретін боламыз,-дейді Жаңылхан Айтуова.
Бүгінде Жаңылханның отбасында 14 және 15 жастағы ұлдары өсіп келеді. Ал, шаңыраққа үлкен қуаныш сыйлаған кішкентай сәбилердің есімдерін енді ата-анасы мен бауырлары Әбдірахман, Мұхаммедәли, Азима деп атамақшы.
Тағы оқыңыздар: Ақтауда 2 жасар бала көз жұмдыМаңғыстау облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинекологі Роза Баданованың айтуынша, 16 тамыз күні Жаңылхан кесарь тілігі арқылы үшемді өмірге әкелген. Бірінші болып өмірге келген сәбидің салмағы-2 келі 280 грамм, бойы-45 см. Екінші ұл - 2 келі 170 грамм және бойы 44 см. Үшінші болып 2 келі 170 грамм салмақпен қыз бала өмірге келген. Жалпы облыста осымен биыл екінші мәрте үшемдер дүниеге келіп отыр.
Венера МИРЛАН