©
Бүгін жыл сайынғы жаңа оқу жылы алдындағы педагогикалық қызметкерлердің облыстық кеңесі өтті. Кеңес "Қазақстанның жаңғыруы 3.0. - білімнің үлесі" деп айдар тақты.
Оған Маңғыстау облысының əкімі Е. Тоғжанов, облыстық мəслихат хатшысы Б.Жүсіпов, ҚРБжҒМ Мектепке дейінгі жəне орта білім беру департаментінің директоры Ш. Каринова, "Назарбаев зияткерлік мектептері" ДББҰ төрайымы К. Шамшадинова, облыстық басқарма басшылары, депутаттар, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жəне білім беру ұйымдарының басшылары, облыс педагогтары, ардагер ұстаздар, үкіметтік емес ұйымдар, қамқоршылық кеңес өкілдері, ата-аналар, шақырылған қонақтар, марапатталушылар, БАҚ өкілдері, барлығы 700 адам қатысты.
Жиын алдында қатысушылар білім беру ұйымдарының жетістіктері мен жаңалықтары қойылған көрмені тамашалады. Сондай-ақ, облыстың білім саласының дамуы мен жетістіктері жайлы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.
Өткен оқу жылын қорытындылап, алдымыздағы міндеттерді айқындаған кеңес барысында облыс əкімі барша сала өкілдерін алда келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, білім саласында алда тұрған жоспарларды айтып өтті.
Сондай-ақ, жас мамандарға еңбек кітапшасын табыстап, ұстаздық жолдарына сəттілік тіледі.
Айта кетейік, биыл өлкемізде 500-ден астам жас маман оқу орындарын бітіріп, еңбек жолын бастағалы отыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА