Шәкірттері талай дүбірлі додаларда топ жарып, аймақ абыройын асқақтатып жүрген маңғыстаулық белгілі бапкер, білікті басшысы Манарбек Бисекенов ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Марапатты тапсыру салтанаты елордада спортшылар күніне орай ұйымдастырылды.-Дана халқымыз «Не ексең, соны орасың» дейді. Төл мерекемізде ҚР мәдениет және спорт Министрінің қолынан «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін алдым. Еңбегіңнің еленгені әрине көңілге қуаныш сыйлайды. Бұл еселі еңбектің, қаншама жылғы төгілген тердің жемісі деп білемін. Қуантатыны, соңғы кездері аймағымызда спорт саласын дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Облыс көлемінде республикалық, халықаралық деңгейде бірқатар турнирлер үздіксіз өткізіліп жүр. Одан бөлек, ауылдық жерлерде жастардың спортпен айналысуына да жақсы ден қойылған. Оған дәлел, Жыңғылды ауылында, Бейнеу, Маңғыстау аудандарында дзюдо және самбо күресінен арнайы секциялардың ашылуы. Біз осындай қарқынмен жұмыс жасай білсек, әлі талай Олимпиада төрінде Маңғыстаудың білекті, жүректі балуандары өнер көрсетіп, әнұранымызды асқақтататын болады,-дейді Манарбек Бисекенов.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда өрт-құтқару спортынан ҚР чемпионаты басталды
Білікті бапкер Манарбектің шекпенінен Аманбек Құлқаев, Сұңғат Жұбатқан, Нұрболат Сенғалиұлы, Бауыржан Сағынғалиұлы, Бауыржан Нарбаев, Нұркен Домбаев, Манас Иманқұлов, Рамазан Мамаев, Нұрбек Қуанышұлы, Ғайса Қалмұқанов, Ерлан Серіков, Асхат Хапанов сынды халықаралық жарыстарда топ жарған мықты балуандар шықты. Ол жеңіске оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Қаншама тер төгілді, тынымсыз еңбек етті. Алдымен өз туған жері Шетпеде жұмыс істеп, болашақ балуандарды дайындады. Ерте тұрып, шәкірттерінің барлығын мектептің стадионында жинап, арнайы жаттығу жасатып, жүгіртетін. Жан жылуын, бойындағы бар асыл қасиетін шәкірттерінің бойына сіңіріп, ел намысын қорғайтын мықты спортшы дайындау үшін біраз тер төкті. Соның нәтижесінде шәкірттері де талай байрақты бәсекелерде ауыл намысын өз деңгейінде қорғап, үнемі жүлделі орындардан көрінді. Кейін облыс орталығына ауысып, көп ұзамай қаладағы облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы қызметіне тағайындалады. Қазақ күресінен ұлттық дәрежедегі төреші атанды. Сондай-ақ ҚР-дың «Дзюдо тарланы» деген орденін иеленіп, ҚР-дың Спорт министрлігінен «Спортты дамытуға қосқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Венера МИРЛАН