©
Теңіз жағалауында өрттен құтқару спорты бойынша ерлер арасында XXIV жазғы чемпионат пен әйелдер арасында IV жазғы чемпионатының ашылу салтанаты өтті.
Сайыстың салтанатты ашылуына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы» ҚБ, Маңғыстау облысы ТЖД өкілдері қатысты.
Жарыста еліміздің әр аймағынан жиналған 18 топ бақ сынайтын болады.
Чемпионат төрт кезең бойынша өткізіледі:
-оқу мұнарасының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу,
-100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту,
-4х100 метрге өрт сөндіру эстафетасы,
-жауынгерлік қанат жаю.
Чемпионаттың ашылу рәсіміне дейін Маңғыстау облыстық ТЖД ғимаратында мандаттық комиссия отырысы өткізілді.
Оған чемпионатқа қатысушы командалардың өкілдері мен жаттықтырушылар қатысты. Отырыста командалар топқа бөлініп, барлығы жарысқа қатысуға жіберілді.
Жиынды сөз алған республикалық Өрт сөндіру мен құтқару спорты федерациясының директоры, бас төреші Дәурен Данаев өрттен құтқару спортының өрт сөндіру тәжірибесінде жеке түрде, сондай-ақ, топтық сынақта қолданылатын әр түрлі әдістердің кешендерін орындауда нәтиже беретін спорттың қызметтік-қолданбалы түрі екенін атап өтті.
-Өрт құтқару спорты өз бастауын 1937 жылдан алады. Ал Қазақстанда 1950 жылдардың бас кезінде пайда болды. Тәуелсіздік алғалы бері 24-чемпионатты өткізгелі отырмыз. Және биыл алғаш рет Маңғыстау облысында куә болмақпыз. Мұның қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдердің ұлттық құрамын жасақтаймыз. Әр құрамда 10 адамнан болады. Олар 25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Түркияның Измир қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады. Өрт-құтқару спортынан ел чемпионатын өткізудің артықшылықтары мол. Сол арқылы қызметкерлер шыңдалады, әлемдік деңгейде өтетін додағы дайындық жүргізеді, шынығады, - дейді Дәурен Данаев.
Алғашқы жарыс 23 тамызда 4х100 метрлік өрт сөндіру эстафетасы бойынша Құрық ауылындағы спорт мектебінде өтеді. Одан соң Ақтау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қатысушылар оқу мұнарасының 4 қабатына шабуыл сатысымен көтеріледі. 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту сыны 25 тамыз күні Ақтау қаласындағы «Жас қанат» спорт кешенінде өтеді. Сайыскерлер 26 тамызда жауынгерлік қанат жаю бойынша сынға түсіп, сол күні чемпионат өз мәресіне жетпек. Жабылу салтанаты 15 шағын аудандағы теңіз жағалауында өткізіледі.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="33344,33343,33342,33341,33340,33339"]