«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Білім» сараптама комиссиясының кезекті отырысы өтті. Оны ашып, жүргізіп отырған комиссия төрайымы, Жаңаөзен қалалық политехникалық колледжінің директоры Тілектес Болатбаева күн тәртібіндегі мәселелерден хабардар етті.
Күн тәртібіндегі «Балапан» бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақшамен қамту, биыл бірінші сыныпқа баратын балалардың ыстық тамақ және мектеп формасымен қамтылуы, қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаева баяндады.
-Қазіргі таңда қаламызда барлығы 80 балабақша (40 мемлекеттік, 40 жекеменшік) жұмыс жасайды. Онда барлығы 12826 бүлдіршін тәрбиеленуде,-деді С.Төлебаева.-Балабақша кезегінде 1-6 жас аралығындағы 13154 бала тұр. Оның ішінде 3-6 жас арасындағылар 1923 бала. Тамыз айында қосымша 500 бала балабақшаға жолданып, одан бөлек жаңа ашылатын 6 балабақша есебінен 1270 жаңа орын ашылады. Яғни, кері қайтарылған 13-шағынаудандағы №55 және 27-шағынаудандағы №51, 14-шағынаудандағы №52, 6-шағынаудандағы №15 балабақшаларға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Алдағы уақытта аталған балабақшаларға балдырғандарымызды жолдайтын боламыз. Нәтижеде, жыл соңында балабақшамен барлығы 15960 бала немесе жалпы қажеттіліктің 95,9 пайызы қамтылады деп жоспарлануда. Мектепке дейінгі ұйымдардың жөндеу жұмыстарына тоқталар болсам, 12-шағынаудандағы №36 «Топотушки» балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бөлінген қаражат 342,9 миллион теңге. Келісімшарт бойынша аяқталатын мерзімі–қараша айы. Сондай-ақ 9 мектепке дейінгі мекемелерге (№4, 16, 26, 28, 44, 46, 53, 54, 56 б/б) ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бөлінген қаражат 45, 9 миллион теңге. Жаңадан бой көтерген 32«А» шағынауданда 280 орындық 2 балабақшаның жобалау-сметалық құжаттары (ЖСҚ) (жалпы құны 1 056,9 миллион тг.), Шығыс-1 шағынауданында 1 балабақшаның ЖСҚ әзірленді (құны 666,6 миллион тг.). Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы және Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшаға жіберу кезек арқылы жүзеге асырылады. Соған орай, «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін мектепке дейінгі жастағы (7 жасқа толмаған) балаларды кезекке қою» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің регламенті бойынша ата-ананың еркімен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы және «е.gov.кz» электронды порталы арқылы балабақшаға кезекке тұру құқы бар. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар қызметін тиімді ұйымдастыру мен балаларды кезекке қоюдың және балабақшаға жолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысы әкімі аппаратының қолдауымен «Smart-Ex» ЖШС-нің жасақтауымен Ақтау қалалық білім бөліміне қарасты балабақшаларға арналған «Электронды мектепке дейінгі білім беру ұйымдары» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді. Аталған жүйемен 74 балабақша жұмыс жасауда.
Тағы оқыңыздар: Б.Момышұлы: «Басыңа күн туғанда, он екіден айырылма!»
Қаланың бас мұғалімінің айтынша, жаңа оқу жылында 32600-ға жуық оқушы мектепке барады. Ал бірінші сыныпқа 4550 оқушы келеді деп күтілуде. Ақтауда 32 жалпы білім беретін мектеп бар. Олардың жиырма бесі күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік, бесеуі жекеменшік, екеуі кешкі. Мектептердің он бірі қазақ, он тоғызы аралас және екеуі орыс тілді. Мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары дер кезінде жүргізіліп, жеткілікті қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстары жақында аяқталатын мектептер де бар. 25 мектепке интерактивті тақталар алу үшін 25 миллион, робототехникаға 55 миллион, №2 мектеп пен №11 мамандандырылған физика-математика мектебін физика кабинетімен қамту үшін 10 миллион теңге бөлінген.
Күндізгі білім беретін мемлекеттік мектептерде 2379 мұғалім жұмыс жасайды (98,7%). Қазақ сыныптарында мұғалімдер жеткілікті. Ал орыс тілді сыныптар үшін физика, математика, химия пәндері бойынша 26 мұғалімге қажеттілік туындауда.
Жыл сайын оқулықтар мен оқу-әдістемелік әдебиеттерге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылады. Биылғы оқу жылына осы бағытта 281, 4 миллион теңге бөлініп, 2, 5, 7 сыныптардың оқулықтарын алуға және қор жинау циклы бойынша басқа сыныптарға жетіспейтін оқулықтар мен оқу құралдары сатып алынды.
Жаңа оқу жылында Ақтауда 5850 оқушы 100% тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. 1-сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 232,2 миллион теңге қарастырылды. Ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға үшінші жыл қатарынан жәрдемақы тағайындалды. Оған бөлінген қаржы—51, 7 миллион теңге.
Білім беру ұйымдары жылыту маусымына 100% дайын.
2017 жылғы 1-тамыздан 30-қыркүйекке дейін қала көлемінде «Мектепке жол», 1-тамыз-30-қазан аралығында «Жолашар» дәстүрлі қайырымдылық акциясы «Менің таңдауым– балаларға көмек көрсету» ұранымен өткізіліп жатыр. Жалпы білім беретін орта мектептердегі аз қамтылған, аса мұқтаж отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасы балаларының саны—1313. Бүгінге дейін олардың 247-не 1 599 521,0 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Акция қала көлемінде жалғаса береді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова аталған шаралардың облыс көлемінде жүзеге асырылуы барысына қысқаша тоқталып, өз ойын білдірді. Ол мектептерде балаларды ыстық тамақпен қамту мәселесі шешілгенімен, тамақ сапасы нашар екендігін жасырмай, комиссияға мектептер асханаларын тексеруді ұсынды. Сондай-ақ З.Тастемірова балаларды мектеп формасымен қамту жайының сын көтермеймінін, тендер негізінде қызметті ұтып алған мекемелердің көпшілігінің міндетін адал атқара бермейтінін ашып айтты. Бұл орайдағы басты кемшілік—киімдердің сапасыздығы. Сапасыз формаларды таратып бергенімен, бұлар балалардың киюіне жарамсыз боп қалатындықтан киімдерден бас тартуға мәжбүр.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе—2016-2017 жылдары «Мейірбике» колледжін бітірген жастардың жұмысқа орналасуы туралы колледж директоры Әлімжан Сағымбаев хабарлады. Биыл колледжді 7 мамандық бойынша 390 түлек бітіріп шығып, олардың 349-ы өз мамаңдығы бойынша жұмысқа орналасты. Атап айтқанда, емдеу ісі фельдшер мамандығы бойынша–127 түлек, емдеу ісі акушер мамандығы бойынша–23, мейірбике ісі мамандығы бойынша–101, стоматология мамандығы бойынша–3, зертханалық диагностика мамандығы бойынша–23, фармация мамандығы бойынша–66 және ортопедия-стоматология мамандығы бойынша 6 түлек жұмыспен қамтылды. Ал 15 түлек ЖОО оқуға түсті.
Сараптама комиссиясының мүшелері мен қатысушылар қаралған мәселелерге байланысты пікірлері мен ұсыныстарын білдірді және бұл мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА