Батыр аулындағы №10 орта мектептің жанынан елімізге танымал сәулетші, қаламгер Сайын Назарбекұлының бастамасымен «Абай әлеміне саяхат» республикалық танымдық клубы ашылды.
Мақсаты - «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» деп С.Төрайғыров айтқандай, адамзаттың бар асылын бір басына жинаған ұлы тұлға - Абай шығармашылығы арқылы жастардың танымын арттырып, сапалы тәрбие беру. Клубтың лентасын клуб президенті С.Назарбекұлы мен аудан әкімі Н.Тәжібаев кесті. Ашылу рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылып, аудан мектептерінен келген оқытушылар мен оқушылар, білім, мәдениет бөлімі өкілдері және ата-аналар қатысты.
Абай оқулары бойынша мектепішілік сынақтан сүрінбей өткен 32 оқушы клубтың мәңгі мүшелігіне қабылданды. Жиылған жұртшылық алдында балалардың дайындығын тағы бір рет тексерген клуб президенті мүшелік куәлігін табыстап, өз кітабын сыйға тартты.
Келген қонақтар біртуар тұлғаның өлеңдеріне жазылған әндерді тыңдап, ойлы сөздерімен сусындап, тартымды кештің куәсі болды.
Абай әлеміне саяхаттаушы балаларға ұлы ақынның ұлылық жолын беруіне тілектестік білдірген аудан әкімі Н.Төлегенұлы өз сөзінде бастаманың ауданның өзге мектептерінде де жалғасып, облыстық, республикалық көлемде көрініс табуына жағдай жасау қажеттігін білім бөлімі басшысына жүктеді.
− Қазақ халқы сеніп тапсырған жастардың болашағы қолымызда деп есептесек, оларды «Біріңді қазақ, біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» немесе «Атаңның баласы болма, адамзаттың баласы бол»,-деген ұлағатты ойларды айтқан Абайдың сөзімен тәрбиелесек қателеспейміз. Осы бастамамен аудан әкімінің алдына барғанымда бұлақтың бастауы №10 мектеп болса, онан басқа мектептер де нәрлену керектігін атаған еді.
Осылайша облыс та, аудан да қолдап отыр. Қазірде клубтың ресми тіркеу жұмыстары жүруде,-деген С. Назарбекұлының айтуынша енді осы 32 баланың үздіктері аудан әкімдігінің қолдауымен Абай елін көріп қайтатын болады. Ал клуб жетекшісі, №10 мектептің оқу ісінің меңгерушісі К.Әбдіқадырованың сөзінше, клубқа қабылданған мектеп шәкірттері қазақтың қара сөзінің көсемінің ойлы сөздерінің бір тақырыбына шығарма жазып, үздіктері С.Назарбекұлының кітабына енеді.
Шахида ЖҰМАН