10-12 тамыз аралығында облыс орталығында самбодан ҚР-ның еңбегі сіңген жаттықтырушысы, Құрмет орденінің иегері Мерейғалы Көшкіновтың жүлдесіне арналған республикалық ашық өтті. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан және Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінен 300-ге жуық 1997-1998 жылы туған балуандар қатысты.
- Бұл бәсеке-Қазақстан Республикасы самбо федерациясының бекітілген күнтізбелік жоспары бойынша Әлем чемпионатының алдындағы іріктеу жарысы болып есептеледі. Додада облыс намысын 30 ұл мен 6 қыз қорғауда. Олардың қатарында аймақтың атынан халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген балуандарымыз да бар. Жалпы турнирді ұйымдастырудағы басты мақсат-самбошылардың шеберлігін шыңдау, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, татулықты нығайту,-дейді экстра-класс дәрежесіндегі төреші, облыстың самбодан аға бапкері Берік Жұмағалиев.
Самбо күресінен ұйымдастырылған жарыс 24 шағынаудандағы облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Екі күнге жалғасқан турнирдің қорытындысында командалық есепте 11 алтын, 15 күміс және 10 қола медальдармен бірінші орыннан ақтаулық «Жас батыр» спорт мектебі көрінді.
- Бүгінгі жарыста топ жарып, турнир чемпионы атанғаныма өте қуаныштымын. 56 келі салмақта батысқазақстандық, атыраулық, маңғыстаулық балуандардың жауырынын жер иіскетіп, жүлделі бірінші орынды иелендім. Бұл жарыста сіңілім Эльмира да сәтті өнер көрсетіп, 60 келі салмақта чемпион атанды. Осылайша отбасымызға қос алтын сыйладық,-дейді «Жас батыр» спорт мектебінің шәкірті Зина Хасан.
Екінші орынға 3 алтын және 1 күміс медальдармен Шығыс Қазақстан облысының балуандары тұрақтады. Жүлделі үшінші орын 9 қола медальмен Маңғыстау ауданына бұйырды.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="32610,32609,32608,32607,32606,32604,32603,32602"]