Қазақ елін ежелден мәмілегер халық деп айтамыз. Кез келген мәселені келісіммен шеше білгенін тарихтан білеміз. Бір ауылда даулы мәселе туындағанда жүгінетін би болған екен. Екі жақтың да уәжін тыңдап алып барып, екі тарап та ұтылмайтындай немесе кінәлінің кінәсін мойындатып қана татуластырып жіберіп отырған. Ешқандай сотқа жүгініп, бірін-бірі аямай балағаттап, көзін құртып жіберу сияқты мәселелер аса көп туындай бермеген. Бұл бірінші кезекте қазақтың сөзге тоқтап, ақылды адамның айтқанын тыңдағандығын көрсетеді және істеген ісін мойындап, кешірім сұрай білуді жақсы түсінген. Осылайша көптеген мәселелер мәмілегерлік жолмен шешіліп, ел іші де тыныш болған деседі. Бүгінгі тек жазылған заңға ғана сүйенетін заманда екі жақтың мәселесін мәмілегерлік жолмен шешіп берудің ұтымды жолын ойластырып, арнайы заң да қабылданды. 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» №401-IV Заңы қабылданып, 2011 жылдың 6 тамызында заңды күшіне енген болатын. Оның қаншалықты жұмыс жасап жатқанын дөп басып айту қиын.Елімізде әрбір екінші адам сотқа жүгінеді. Мәселен, үлкен қалаларда әрбір судья орта есеппен күніне жеті істі қарайды екен. Өйткені қарапайым халық дау-жанжалды сотқа жеткізбей-ақ, медиацияның да көмегімен шешуге болатынын ескере бермейді. Медиаторларды қайдан табуға болатынын, олардың алдына не мәселемен бару керектігін білмейтіндер де бар. Өйткені, бұл саланың насихаты аз. Сондай-ақ бұған қазақтілді медиаторлардың аздығы да себеп болып тұр екен. Жоғарыда айтқанымыздай, көпшілік медиаторлардың көмегімен тығырыққа тірелген шаруасының шешілетінінен әлі де хабарсыз және пәлендей сене қоймайтын көрінеді. Әу баста барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазғанмен, кейіннен мүлдем ұмыт қалды. Яғни, медиация белгілі бір даулы мәселені реттейтін институт екені жөнінде ақпараттық насихат жұмыстары кемшін түсіп тұрғаны белгілі. Егер жіліктеп айтар болсақ, Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып есептеледі. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды. Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі болып табылады. Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы О.Т.Алдабергенова