Ақтауда кардиохирургиялық орталық дәрігерлері 1 кг 450 гр салмақтағы сәбидің ашық артериалды өзегіне ерекше ота жасады. Сәбиді құтқарып қалу үшін ота ашық жүрекке жасалынған.
Кардиохирургиялық орталық басшысы Жеңіс Қозыбаевтың айтуынша, мұндай ерекше ота бұрын-соңды емханада жасалмапты.
Туылғанына 1 айдан енді асқан қыз бала жүрек ақауы салдарынан салмақ қоса алмаған. Бала 1200 гр салмақта шала туылған.
«Ашық артериалды өзек өкпеге құйылып, сәбидің бірқалыпты дамуына кедергі келтірген. Бала шала туылған, оның үстіне, ота ашық жүрекке жасалған соң, өміріне қауіп төнді. Бірақ оны құтқарып қалу үшін ота сөзсіз қажет болды», – дейді Жеңіс Қозыбаев.
Әдетте, артериалды өзек шала туылған нәрестелерде жиі кездеседі. Негізінен туылғаннан кейін бала өкпемен тыныс ала бастаған соң, артериалды өзек тоқтап, жабылып қалады. Өзек қызметі әдетте бала туылғаннан кейін 15-20 сағат ішінде, ал толықтай 2 немесе 8 аптада тоқтауы тиіс.
Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Жақын күндері толықтай сауығып, емханадан шығарылады.
Айгүл ДӘДЕН